Қоғам

Олжас Бектенов: Заң мен тәртіпсіз елдің дамуы мүмкін емес

Олжас Бектенов «Заң және тәртіп» конституциялық қағидатын іске асыру туралы: Құқықтық тәртіп сақталмайынша, елдің экономикалық және әлеуметтік мақсаттарына қол жеткізу мүмкін емес

Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов «Заң және тәртіп» конституциялық қағидатын іске асыру жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысын өткізді.

«Заң және тәртіп» қағидаты – мемлекетіміздің конституциялық деңгейде бекітілген негізгі қағидаттарының бірі. Мемлекет басшысы бірнеше рет атап өткендей, нағыз патриот – ең алдымен еңбекқор, білімді, заңды сақтайтын, тәртіпті қолдайтын, тазалықты бағалайтын және табиғатқа жанашырлықпен қарайтын адам. Сондықтан барлығымыз дәл осындай құндылықтарды мойындап, насихаттап, қоғамда кеңінен дәріптеуіміз қажет. Құқықтық тәртіп сақталмайынша, еліміздің экономикалық, әлеуметтік, саяси және басқа да мақсаттарына қол жеткізу мүмкін емес», – деп атап өтті Олжас Бектенов.

Отырыста «Заң және тәртіп» қағидаты заңдылық пен қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға бағытталғаны атап өтілді. Ал ведомствоаралық комиссияның негізгі міндеті – құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында мемлекеттік органдардың жұмысын үйлестіру.

Сондай-ақ жиында қоғамда «Заң және тәртіп» идеологиясын ілгерілету жөніндегі тұжырымдама аясында жоспарланған іс-шаралардың орындалу барысы және құқық бұзушылықтардың алдын алу шаралары қаралды.