Қазақстанда 7 микроқаржы ұйымы лицензиясынан айырылды
Қазақстанда жеті микроқаржы ұйымының (МҚҰ) жұмысынан заңбұзушылықтар анықталып, олар лицензиясынан айырылды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ресми сайтында жекелеген МҚҰ-ның қызметіне тексеру жүргізілгені хабарланды.
Оның нәтижесінде жеті МҚҰ-ны микроқаржылық қызметті жүзеге асыруға арналған лицензиядан айыру туралы шешім қабылданған. Олар:
- "MaxMoney" МҚҰ;
- "Microfinance Systems" МҚҰ;
- "SurfKaz Finance" МҚҰ;
- "MFO№1" МҚҰ;
- "Умит Финанс" МҚҰ;
- "Вивус" МҚҰ;
- "EL QAZYNA" МҚҰ.
"Заңнамаға сәйкес МҚҰ лицензиядан айырылған күннен бастап күнтізбелік 30 күн ішінде өзінің атауынан "микроқаржы ұйымы" деген сөздерді, көрсетілген заңды тұлғаның микрокредиттер беру жөніндегі қызметті жүзеге асыратынын болжайтын олардан алынған сөздер мен қысқарған сөздерді алып тастау арқылы қайта тіркеу рәсімін жүргізуге не қайта ұйымдастыру немесе тарату туралы шешім қабылдауға міндетті. Микрокредит беру туралы шарттар бойынша орындалмаған міндеттемелері бар МҚҰ клиенттері жасалған шарттардың талаптарына сәйкес міндеттемелердің орындалуын бұзғаны үшін жауапты болады", - деп нақтылады ведомство өкілдері.