Қоғам

Күніне 4 энергетикалық сусын ішкен алматылықты дәрігерлер аман алып қалды

Алматыда бірнеше ай бойы күніне үш-төрт құты энергетикалық сусын ішіп келген ер адамды дәрігерлер аман алып қалды. Науқас асқазан ойық жарасының тесілуі және перитонитке шалдыққан, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Ер адам Орталық қалалық клиникалық ауруханаға ішінің кенеттен қатты ауырсынуымен жеткізілді. Тексеру кезінде асқазанның тесілуі - орган қабырғасында тесік пайда болатын қауіпті жағдай анықталды.

Аурухана хирургы Ілияс Сағиевтің түсіндіруінше, асқазан тесілгенде оның ішіндегі заттар құрсақ қуысына түсіп, қабыну тудырады. Мұндай жағдай шұғыл медициналық көмекті қажет етеді.

Дәрігерлер дереу ота жасап, асқазан қабырғасындағы тесікті тікті және құрсақ қуысын тазалады.

Науқастың айтуынша, ол бірнеше ай бойы күн сайын 3–4 құты энергетикалық сусын тұтынып келген.

Дәрігерлер энергетикалық сусындарды шамадан тыс тұтыну асқазан-ішек жолдарында жайсыздық тудырып, қыжыл мен жүрек айнуын күшейтуі мүмкін екенін ескертеді. Асқазан аурулары, соның ішінде ойық жарасы бар адамдар тамақтану рационына ерекше мұқият болуы керек.

"Бұл пациентте асқазанның тесілуіне дәл осы энергетикалық сусындар себеп болды деп кесіп айтуға болмайды. Дегенмен, оларды көп мөлшерде тұтынуға, әсіресе асқазан аурулары болған жағдайда кеңес берілмейді", - деп атап өтті Ілияс Сағиев.