Шымкенттік жаттықтырушы турнир кезінде қыз балаға қол көтерді
Павлодарда волейболдан жекеменшік клубтар арасындағы Қазақстан біріншілігі кезінде шымкенттік жаттықтырушы өз шәкіртіне қол көтерді. Команда тәлімгері жарыстан шеттетілді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Оқиға болған жерде түсірілген видео бірқатар пабликте жарияланды. Кадрлардан жаттықтырушының шәкіртіне өзіне жақындауды сұрағанын, содан кейін оның басынан ұрғанын көруге болады.
Оқиғаға қатысты Шымкент қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасы түсініктеме берді. Ведомство мәліметінше, Павлодарда 2009 жылы туған және одан кіші жасөспірім қыздар арасындағы волейболдан Қазақстан чемпионатының II турына Шымкент атынан қатысып жатқан жекеменшік клуб командасы қатысуда.
Жаттықтырушы Хамит Мырзабековтің команда ойыншысына қол көтерген сәті түсірілген видео тарағаннан кейін Қазақстан волейбол ұлттық федерациясы оны шеттету туралы шешім қабылдады.
Ведомство өкілдері Хамит Мырзабековтің жекеменшік волейбол клубында 6-7 айдай жаттықтырушы болып жұмыс істегенін атап өтті. Клуб өкілінің ресми мәліметі бойынша, ол қазіргі уақытта қызметінен босатылды.
Сондай-ақ ведомство өкілдері жаттықтырушының Шымкент қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасына қарасты мемлекеттік спорт ұйымдарында жұмыс істемейтінін атап өтті.
Ведомство тарабынан оқиғаның мән-жайы зерттеліп, қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес шара қолдану мәселесі қарастырылады.