Қазақстанда қазан айының соңғы күндері жылы болғанымен, кейбір өңірде қар жауады
Қазан айының соңғы күндері 29-31 қазан аралығында еліміздің солтүстік, шығыс және оңтүстіктің таулы аймақтарында қар жауады, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Ал республиканың батысы мен оңтүстігінде күндіз ауа температурасы +17…+22 градусқа дейін көтеріледі.
Елдің батысында ауа райына ауқымды антициклон әсер етеді. Соның арқасында күн ашық әрі құрғақ болады.
Ал солтүстік, шығыс және оңтүстік облыстардың таулы аудандарында атмосфералық фронттар өтіп, жауын-шашын түседі. Негізінен қар жауады.
Түнде елдің басым бөлігінде ауа температурасы нөлден төмендейді.
Күндіз солтүстік, шығыс және орталық өңірлерде ауа температурасы 0…+5 градустан +5…+10 градусқа дейін болады. Ал батыс пен оңтүстікте күн +17…+22 градусқа дейін жылынады.
Айтса кетсек, бұған дейін синоптиктер қарашада Қазақстанда ауа температурасы климаттық нормадан 2 градусқа жоғары болатынын хабарлаған. Шымкентте айдың алғашқы күндері күндіз ауа температурасы +17…+22 градусқа дейін көтеріледі.