Қазақстан қоғамдық қауіпсіздік деңгейі бойынша әлемдегі үздік 50 елдің қатарына енді
Қазақстан қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздік деңгейі бойынша әлемдегі 143 ел мен аумақтың арасында 41-орынға ие болды. Бұл туралы World Justice Project (WJP) халықаралық ұйымының 2026 жылғы зерттеуінде айтылған.
Соңғы төрт жылда Қазақстан аталған көрсеткіш бойынша өз позициясын тұрақты түрде жақсартып келеді. Мәселен, 2023 жылы еліміз 44-орында болса, 2024 жылы 43-орынға, 2025 жылы 42-орынға көтерілген. Ал биыл 41-орынға тұрақтады.
Сарапшылар қандай көрсеткіштерді бағалады?
Қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздік индексі халықтың қылмыстан қорғалу деңгейін, терроризм қаупін, қарулы қақтығыстар мен саяси зорлық-зомбылықтың ықтималдығын ескереді.
Сонымен қатар жеке адамдар арасындағы жанжалдарды шешу кезінде күш қолдану жағдайларының қаншалықты жиі кездесетіні де назарға алынған.
Осы көрсеткіш бойынша Қазақстан Франция, Италия, Португалия, Грузия, Түркия және Ресей сияқты Еуропа мен Азияның бірқатар елдерін басып озды.
Қазақстан жалпы рейтингте нешінші орында?
Қоғамдық қауіпсіздік көрсеткіші World Justice Project ұйымы әзірлейтін Құқық үстемдігі индексінің сегіз негізгі бағытының бірі саналады.
Зерттеу аясында қауіпсіздіктен бөлек, азаматтардың негізгі құқықтарының сақталуы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығы, сот жүйесінің жұмысы және заңнаманың орындалуы бағаланады.
Жалпы Құқық үстемдігі индексінде Қазақстан 143 ел мен аумақтың ішінде 67-орынға ие болды.
Халықаралық зерттеу тұрғындар мен салалық сарапшылар арасында жүргізілген сауалнамаларға негізделген. Елдердің көрсеткіштері 44 түрлі индикатор бойынша анықталады.
2026 жылғы Құқық үстемдігі индексінің жалпы рейтингінде Дания көш бастады. Одан кейін Норвегия, Финляндия, Швеция және Люксембург орналасқан.