Қоғам

ДДҰ учаскелік дәрігерлердің жалақысын көтеру туралы Президент шешімін қолдады

Ханс Клюге медицина қызметкерлерінің жалақысын арттыруды халық денсаулығына салынған инвестиция деп атады

Қазақстан Президентінің учаскелік медициналық қызмет мамандарының жалақысын көтеру туралы шешімін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) Еуропа өңірлік бюросының директоры Ханс Клюге қолдады. Бельгия оны ұйымның Бас директоры лауазымына кандидат ретінде ұсынған. Ол бұл туралы пікірін X әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында жариялады.

Адамдарға салынған инвестиция

Ханс Клюге өз жазбасында күн сайын емханаларда науқастарды қабылдайтын дәрігерлер мен мейіргерлердің еңбегіне ерекше назар аударды.

«Мықты алғашқы медициналық-санитариялық көмек медицина қызметкерлерін қолдаудан басталады. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың денсаулық сақтау жүйесінің бастапқы буынындағы кадрлық әлеуетті нығайту туралы шешімін шын жүректен құптаймын.

Бұл – халыққа ең жақын қызмет көрсететін мамандарға, яғни жалпы практика дәрігерлеріне, мейіргерлерге және алғашқы медициналық-санитариялық көмек саласының өзге де қызметкерлеріне салынған инвестиция.

Олар аурулардың алдын алуға, денсаулыққа төнетін қауіптерді ерте анықтауға, созылмалы аурулары бар науқастарды тұрақты бақылауға және медициналық көмектің үздіксіз көрсетілуін қамтамасыз етуге үлес қосады», – деп жазды Клюге.

Президент қандай тапсырма берді?

Мемлекет басшысы 28 қазанда «Қазақстанның жаңа тарихи кезеңдегі өзекті міндеттері» атты Жолдауын жариялады. Президент өз сөзінде алғашқы медициналық-санитариялық көмек мәселесіне арнайы тоқталды.

«Үкіметке 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап алғашқы медициналық-санитариялық көмектің учаскелік қызметі мамандарының үздіксіз еңбек өтіліне байланысты жалақысын 40 пайызға дейін көтеруді тапсырамын. Бұл 77 мыңнан астам адамның табысын арттыруға мүмкіндік береді», – деді Президент.

Учаскелік қызмет мамандарының қатарына терапевтер, мейіргерлер, акушер-гинекологтер, акушерлер және фельдшерлер кіреді.

Жалақыға қосылатын үстемеақының мөлшері маманның қанша жыл үздіксіз еңбек еткеніне байланысты болады.

Алматы декларациясына – жарты ғасыр

Ханс Клюге Президенттің бұл шешімін Қазақстанның әлемдік денсаулық сақтау тарихындағы маңызды рөлімен байланыстырды.

«Бұл қадамдардың 2028 жылы атап өтілетін алғашқы медициналық-санитариялық көмек жөніндегі Алматы декларациясының 50 жылдығы қарсаңында жасалып жатқаны ерекше қуантады.

Дәл Қазақстанда 1978 жылы әлем елдері алғашқы медициналық-санитариялық көмекті барша халықтың денсаулығын қамтамасыз етудің негізі деп жариялады. Ал 2018 жылы Астанада өткен жиында осы қағидатқа адалдықтарын тағы да растады», – деді Клюге.

Ханс Клюге жазбасының соңында Қазақстанға табыс тілеп, қазақ тілінде «Іске сәт, Қазақстан!» деп жазды.