Қоғам

Көлік жуу орындарында ауыз суды пайдалануға шектеу қойылады

Үкімет отырысында Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Қазақстанда көлік жуу орындарында ауыз суды пайдалануға шектеу енгізу туралы айтты, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Министрдің айтуынша, елімізде суды үнемдеу және оның ысырабын азайту талаптары бойынша қосымша өзгерістер енгізілмек.

"Су кодексіне көлік жуу орындарында орталықтандырылған жүйеден берілетін ауыз суды пайдалануға шектеу қоюды көздейтін түзетулер дайындалды", – деді министр.

Кәсіпорындар бір рет пайдаланған суды қайта қолдануға мүмкіндік беретін жүйелерге біртіндеп көшпек. Жоспар бойынша 2030 жылға қарай өндірісте қайта пайдаланылатын судың үлесі 28%-ға жетуі тиіс.

Ал тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында жыл сайын 260 миллион текше метрге дейін су үнемдеуге мүмкіндік бар.

Нұржан Нұржігітовтің айтуыныша, елімізде соңғы екі жылда 1,4 мың шақырымнан астам канал, 5 су қоймасы және 8 гидротехникалық нысан жөнделген.

Қазір ел бойынша 4,6 мың шақырымнан астам суару желісі жаңартылып, оның 964 шақырымын биыл аяқтау жоспарланған.

Кеше, 28 қазанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында елдегі су тапшылығы мәселесін көтеріп, көлік жуу орындарында ауыз суды пайдалануды тоқтатуды тапсырған еді.