Атырауда қазандық жарылды
Әлеуметтік желіде Атырауда жарылыс салдарынан қазандық қирап қалғаны туралы ақпарат тарады. Оқиғаға қатысты өңірлік ТЖД пікір білдірді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
28 қазан таңертең Атыраудың Авангард-2 шағынауданында үш қабатты ғимаратқа жапсарлас салынған қазандықта жарылыс болғаны хабарланды. Жарылыстан кейін өрт шықпаған. Желіде оқиға орнынан видео жарияланды.
Атырау облысы ТЖД баспасөз қызметі ақпаратты растады.
"Атыраудың Авангард-2 шағынауданында үш қабатты ғимаратқа жапсарлас салынған қазандықта газ-ауа қоспасы жарылды, өрт шыққан жоқ. Оқиға орнына ТЖД бөлімшелері барды. Жарылыс салдарынан қазандықтан 12 метр жерде орналасқан көппәтерлі тұрғын үйдің терезелері мен екі жеңіл автокөлік зақымданды. Бір адам зардап шегіп, ауруханаға жатқызылды", - деп хабарлады ведомство.
Оқиға орнында ТЖД, полиция және ТЖМ Апаттар медицинасы орталығының қызметкерлері жұмыс істеп жатыр. Оқиғаның себебі мен мән-жайы анықталып жатыр.