Қоғам

Әлемдегі 2,5 мың үздіктің бірі: қазақстандық профессор сирек берілетін халықаралық мәртебеге ие болды

Nazarbayev University профессоры Дамира Қанаева Ұлыбританияның жоғары академиялық мәртебесіне ие болды

Nazarbayev University биология кафедрасының қауымдастырылған профессоры Дамира Қанаева Ұлыбританияның Advance HE ұйымы тағайындайтын Principal Fellow (PFHEA) мәртебесіне ие болды. Бұл – жоғары білім беру саласындағы оқытушылардың кәсіби жетістіктерін мойындаудың ең жоғары деңгейі. Аталған мәртебе білім беру жүйесін дамытудағы көпжылдық көшбасшылық қызметті растайды.

Дамира Қанаеваға Principal Fellow мәртебесі 2026 жылғы 27 қазанда берілді. Бұл халықаралық мойындау оның биология пәнін оқыту, білім беру бағдарламаларын жетілдіру және жас зерттеушілерді даярлау саласындағы 15 жылдық еңбегінің нәтижесі болды.

Профессор бұл жетістігі туралы LinkedIn әлеуметтік желісіндегі парақшасында хабарлады. Ол аталған марапатты тек өзінің жеке табысы ғана емес, әріптестерімен және студенттерімен ұзақ жылдар бойы жүргізген бірлескен жұмысының нәтижесі деп санайтынын атап өтті.

Principal Fellow мәртебесі нені білдіреді?

Advance HE – Ұлыбританияда құрылған, университеттердегі оқыту сапасын, академиялық көшбасшылықты және білім беру ортасын дамытуға бағытталған ұйым.

Ұйымның халықаралық Fellowship кәсіби мойындау жүйесі төрт деңгейден тұрады: Associate Fellow, Fellow, Senior Fellow және Principal Fellow.

Олардың ішіндегі Principal Fellow – ең жоғары деңгей. Бұл мәртебе оқыту мен білім беру саласында тұрақты стратегиялық көшбасшылық танытып, әріптестерінің педагогикалық тәжірибесіне және білім беру жүйесінің дамуына елеулі ықпал еткен мамандарға беріледі.

Мұндай мәртебеге ие болу үшін ұзақ жылдық оқытушылық тәжірибенің болуы жеткіліксіз. Үміткерлер өздерінің кәсіби үлесін, енгізген әдістерінің тиімділігін және олардың жоғары білім беру жүйесіне тигізген әсерін дәлелдейтін материалдар ұсынуы тиіс. Ұсынылған құжаттар тәуелсіз сараптамалық бағалаудан өтеді.

Жарияланымда келтірілген мәліметтерге сәйкес, Advance HE жүйесі аясында әлемнің 120-дан астам елінен 230 мыңнан аса маман кәсіби мойындауға ие болған. Ал олардың шамамен 2,5 мыңы ғана ең жоғары Principal Fellow мәртебесін алған. Бұл Fellowship жүйесіне қатысушылардың жалпы санының шамамен 1 пайызын құрайды.

Қазақстанның жаңа басымдықтары аясындағы халықаралық мойындау

Дамира Қанаеваның халықаралық деңгейде мойындалуы еліміз үшін маңызды саяси оқиғамен тұспа-тұс келді.

2026 жылғы 27 қазанда Advance HE қазақстандық профессорға ең жоғары Principal Fellow мәртебесін берсе, келесі күні, 28 қазанда, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына «Қазақстанның жаңа тарихи кезеңдегі өзекті міндеттері» атты Жолдауын жасады.

Мемлекет басшысы өз сөзінде адами капиталдың, білім мен ғылыми әлеуеттің елдің одан әрі дамуы үшін ерекше маңызға ие екенін атап өтті.

«Қазіргі дәуірдің басты қозғаушы күші – білім, ғылым және инновация. Жаңа технологиялар мен жасанды интеллектіні игеріп, оларды толықтай өз игілігіне жарата алған мемлекеттер прогрестің алдыңғы шебінде болады. Біздің мемлекетімізге әрқашан мықты ғалымдар, жоғары білікті инженерлер, дана ұстаздар мен кәсіби дәрігерлер қажет. Мен ұлтымызды алға бастайтын отаншыл жастарға үлкен үміт артамын», – деді Президент өз Жолдауында.