Мәслихат депутаттарын сайлауға қанша қаржы жұмсалатыны белгілі болды
Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Михаил Бортник мәслихат сайлауын өткізуге қанша қаржы қажет және оның не нәрсеге жұмсалатынын айтты, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Бұл туралы брифингте мәлімдеді. Михаил Бортниктің айтуынша, 29 қарашаға белгіленген мәслихат сайлауын өткізуге қарастырылған бюджет Қаржы министрлігімен және Ұлттық экономика министрлігімен келісілген.
"Бұл шараны өткізуге бөлінетін қаржы сомасы – 35,8 млрд теңге. Ауқымы жағынан бұл сайлау Құрылтай сайлауымен пара-пар. Оның үстіне, мәслихат сайлауын өткізу кезінде жұмысқа қосымша 3 022 округтік комиссия тартылады, бұл – сайлау комиссияларының 15 110 мүшесі деген сөз.
Қаржының басым бөлігі, алдыңғы сайлаулардағыдай, комиссия мүшелерінің жұмысына ақы төлеуге жұмсалады. Қаражаттың шамамен 70 пайызы учаскелік сайлау комиссиясы мүшелерінің еңбекақысына кетеді", - деді Бортник.