Жамбыл облысында жасөспірім арасында жанжал болып, 9-сынып оқушысы ауыр соққы алды
Жамбыл облысында жасөспірімдер арасында жанжал болып, салдарынан тоғызыншы сынып оқушысы ауыр халде жансақтау бөліміне жеткізілген, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Полиция аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғады. Оқиға 31 қазан күні кешке Жамбыл ауданына қарасты Бірлесу-Еңбек ауылында болған.
Зардап шеккен жасөспірімнің туыстары ауылда мектеп оқушылары арасында әлімжеттік барын алға тартады. Айтуынша, бала өзінен үлкен оқушылар белгіленген кездесуге кешіккені үшін соққыға жығылған.
Туыстарының сөзінше, жасы үлкен жасөспірімдер кішілерге түрлі тапсырма орындатып, олардан ақша жинайды.
Алайда бұл ақпарат әзірге ресми түрде расталған жоқ.
Қазір зардап шеккен оқушы жансақтау бөлімінде жатыр. Ол өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған. Дәрігерлердің мәліметінше, баланың жағдайы өте ауыр әрі тұрақсыз.
Жамбыл облыстық білім басқармасының хабарлауынша, 31 қазан күні кешке Жастар аллеясында кәмелетке толмағандар арасында жанжал болған. Алдын ала мәлімет бойынша, жасөспірімдердің бірі екіншісінің кеуде тұсынан жұдырықпен ұрған.
Облыстық полиция департаменті аталмыш дерек бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.
"Алдын ала анықталғандай, бұрыннан таныс екі кәмелетке толмаған жасөспірімнің арасында жанжал туындап, олардың бірі екіншісіне соққы жасаған. Зардап шеккен бала ауруханаға жатқызылды. Қазір тергеу амалдары жалғасып жатыр. Тергеу барысы Жамбыл облысы полиция департаменті басшылығының бақылауында", – делінген полиция хабарламасында.
Сонымен қатар жергілікті тұрғындар оқиғаның Жастар аллеясында емес, жасөспірімдер жиі жиналатын ауылдық клубтың маңында болғанын айтады. Бұл мәлімет те әзірге ресми органдар тарапынан нақтыланбаған.