Үкімет 6,5 триллион теңге болатын ауқымды жоспарды бекітті: құрылыс жұмыстары жүргізіледі
Үкімет 2029 жылдың соңына дейін негізгі әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларға Ұлттық қордан шамамен 6,5 триллион теңге бөлуді қарастырып отыр, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Бұл қаражат тұрғын үй құрылысына, коммуналдық желілерді жаңғыртуға, ауыз су мен газ жеткізуге және көлік инфрақұрылымын дамытуға бағытталады.
Үкімет отырысында жобаны премьер-министрдің орынбасары - ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин таныстырды. Оның айтуынша, құжатқа 12 бағыт бойынша 96 іс-шара енгізілген, оның 80-і - үкіметтік деңгейдегі шаралар.
"Инфрақұрылымдық жаңғырту аясында "Халықтық құрылыс" бағдарламасы бекітіледі. Сонымен қатар 2027 жыл Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы болып жарияланады", - деп еске салды Жұманғарин.
Премьер-министр Олжас Бектенов құжатқа дауыс беруді ұсынды. Үкімет мүшелері жоспарды мақұлдады.
2027 жылғы наурызда Су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесін құруды аяқтау жоспарланған. 2027 жылы үкімет орта кәсіпкерлікті дамыту жоспарын бекітуді көздеп отыр.
2027 жылдың мамырында Зайсан, Қатонқарағай және Кендірліде жаңа әуежайларды пайдалануға беру жоспарланған. Ал Астанада жаңа әуежайдың құрылысы келесі жылдың маусымында басталмақ.
2027 жылдың соңына дейін “Бақты – Аягөз” теміржол желісінің құрылысын аяқтау көзделген.
Автомобиль жолдары да салынып, қолданыстағы бағыттар жаңарады. Оның ішінде “Арал – Каспий” және “Көкшетау – Петропавл” трассалары бар.
Бұдан бөлек, барлық автомобиль өткізу бекеттерін толық жаңарту жоспарланған. Жүк тасымалы электрондық құжат айналымына көшіріліп, интеллектуалды көлік жүйесі енгізіледі.
2027 жылдың соңына дейін уранның мемлекеттік стратегиялық резервін құру және "Мойынқұм" атом электр станциясы бойынша үкіметаралық келісімге қол қою жоспарланған.