Жылына 5 миллионға дейін зерттеу: Алматыда жасанды интеллект қолданылатын жаңа буын зертханасы жұмыс істейді
Жасанды интеллект диагностика үдерісін жеделдетеді: Алматыдағы зертхана тәулігіне 15 мыңға дейін сынаманы өңдей алады
Алматы қаласында Қазақстанның денсаулық сақтау басқармаларының басшылары И. Жекенова атындағы жұқпалы аурулар ауруханасының жоғары технологиялы зертханасының жұмысымен танысты. Бұл туралы Алматы қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы хабарлады.

Аумағы 2 480 шаршы метрді құрайтын кешен тәулігіне 15 мыңға дейін биологиялық сынаманы өңдеп, жылына 5 миллионға дейін зерттеу жүргізуге қауқарлы.
Зертхананың басты технологиялық ерекшелігі – жасанды интеллект элементтері енгізілген автоматтандырылған трек жүйесі. Ол биологиялық материалды қабылдау мен сұрыптаудан бастап, зерттеу жүргізу және нәтижелерді жолдауға дейінгі барлық кезеңді қамтиды.
Автоматтандыру қолмен атқарылатын жұмыстарды азайтып, адам факторына байланысты қателіктерді барынша төмендетеді. Сонымен қатар диагностика үдерісін жеделдетіп, биологиялық қауіпсіздік деңгейін арттырады.
Зертхананың жұмысы диагностиканың тиімділігін арттыруға, зерттеу нәтижелерін алу мерзімін қысқартуға және Алматы қаласының эпидемиологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Кешен бес негізгі бағыт бойынша жұмыс істейді. Олар:
* автоматтандырылған зертхана;
* иммуноферменттік талдау (ИФТ);
* полимеразды тізбекті реакция (ПТР);
* микробиологиялық зерттеулер;
* паразитологиялық зерттеулер.
Сондай-ақ кездесу барысында қатысушыларға қаланың медициналық ұйымдарымен деректер алмасуға арналған цифрлық жүйе, биологиялық материалдарды орталықтандырылған тасымалдау тетігі және зерттеу сапасын бақылау жүйесі таныстырылды.
Мұндай технологияларды енгізу зертханалық зерттеулерді орталықтандыруға, ресурстарды тиімді пайдалануға және медициналық көмектің сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Алматының бұл тәжірибесі Қазақстанның өзге өңірлерінде зертханалық қызметті дамытуға арналған перспективалы үлгі ретінде қарастырылып отыр.