Алдын ала жасалған сметалар мен Артықбаеваның айғақтары: Боқаевтың ісі бойынша кезекті сот отырысы басталды
- автор kyn.kz
- Бүгін, 10:44
- 20
Бүгінгі соттың қарсаңында «ҚазТрансГаз» АҚ бас директорының бұрынғы қаржы және экономика жөніндегі орынбасары Даир Кушеров пен «We Can» ЖШС директоры Жұлдыз Артықбаевадан жауап алынды. Олардың айғақтары миллиондаған теңгеге жасалған шарттардың мән-жайына, мердігерлерді таңдау тәртібіне, жұмыстардың іс жүзінде орындалуына және қаражаттың кейінгі қозғалысына қатысты болды.
Атап айтқанда, Даир Кушеров халықаралық автошеруді қаржыландыру мәселесі кәсіподақ комитетінің тарапынан қол жинау арқылы сырттай мақұлданғанын айтты, бұған қоса сметалар да еш тексерілмеген. Оның сөзінше, «BM Trust» және «We Can» ЖШС-ларын тартуды Боқаевтың өзі ұсынған, ал басқа мердігерлер қарастырылмаған. Комитет мүшелері Боқаевқа сенім артқанымен, компаниялардың бірінің оның жиенінің атына рәсімделгенінен хабарсыз болған.
Автошеруді ұйымдастырудың мән-жайын «We Can» ЖШС директоры Жұлдыз Артықбаева толығырақ баяндады. Оның айтуынша, «We Can» компаниясының құрылуына тікелей Боқаев атсалысқан. Бұған дейін ол Артықбаеваны «BM Trust» компаниясына жұмысқа орналастырған, кейін «ҚазТрансГаздың» тендерлеріне қатысу үшін жеке компания тіркеуді тапсырған. Компанияны тіркеуге қажетті мекенжайды да өзі берген. Ал шарттарды орындау және орындалған жұмыстарды рәсімдеу мәселелерін Артықбаева тікелей Боқаевпен келісіп отырған.
Куәгердің мәлімдеуінше, оның компаниясы Қазақстан аумағындағы іс-шараны өткізу жөніндегі міндеттемелерін 38 млн теңгелік шарт аясында өз күшімен орындаған. Ол жұмсалған шығындарды растайтын қаржылық құжаттар мен түбіртектерді сотқа ұсынған.
Сонымен қатар, куәгер Боқаевтың жиенінің атына рәсімделген «BM Trust» ЖШС-мен жасалған сомасы 40 млн теңгеден асатын екінші шарттың бар екенін бұрын білмегенін айтты. Артықбаеваның сөзінше, бұл компания іс-шараны ұйымдастыруға мүлде қатыспаған. Оның үстіне, «BM Trust» сметасында көрсетілген кейбір шығындарды «We Can» ЖШС бұған дейін-ақ төлеп қойған.
Бұдан бөлек, Артықбаева Боқаевтың өтініші бойынша жүргізілген қаржылық операциялар туралы да мәлімдеді. Атап айтқанда, куәгердің жеке банк картасына Боқаевтың «Art romance» жиһаз бизнесінің клиенттерінен деп айтылған 9 млн теңгеден астам қаражат түскен. Кейін ол бұл ақшаны қолма-қол ақшаға айналдырып, Боқаевқа бергенін айтты. Сондай-ақ, Артықбаева «BM Trust» ЖШС-нен түскен 1,5 млн теңгені қолма-қол ақшаға айналдыру және басқа компанияның есепшотына ақша аудару жағдайларын да баяндады.
Оның жауабынан кейін Боқаевтың адвокаттары соттан үзіліс жариялауды сұрады. Біраз уақыттан соң сот отырысы қайта жалғасып, қорғау тарапы куәгерден жауап алуды жалғастырды.



