Қоғам

Астанада балабақшада баланың бетінен темір орындықпен бірнеше рет ұрған

Астанадағы «София 3» жекеменшік балабақшасында балаға қатысты оқиға бойынша полиция тергеу бастады, деп хабарлайды Kursiv.media-ға сілтеме жасаған Kyn.kz.

Halyqstan ақпаратына қарағанда, 15 қазанда топтағы тәрбиеленушілердің бірі баланы салмағы 2-3 келі болатын темір орындықпен бірнеше рет ұрған.

Бұл туралы жәбір көрген баланың анасы айтқан. Оқиға кезінде балалардың жанында тәрбиеші де, басқа ересектер де болмаған.

Анасы баласын алып кетуге келгенде, балабақша қызметкерлері балалардың орындыққа таласып қалғанын айтқан. Олардың сөзінше, орындық қолдарынан шығып кетіп, бала абайсызда соғылып қалған.

Алайда бейнебақылау жазбаларын көрген ана баласын балабақшадан алып кетуге шешім қабылдаған.

Ол қазан айы үшін төлеген 80 мың теңгесін қайтаруды талап еткен. Бірақ қаражат әлі күнге дейін қайтарылмаған.

Сондай-ақ анасы оқиғаның бейнежазбасы бір айдан кейін автоматты түрде өшіріліп кетуі мүмкін екеніне алаңдап отыр.

Нұра аудандық полиция басқармасы аталған дерек бойынша балалардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндеттерін тиісінше орындамау фактісімен сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлады.

Қазір оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр. Тергеудің өзге мәліметтері әзірге жарияланған жоқ.

Айта кететін жайт, психолог Инна Щукина баланы балабақшадағы зорлық-зомбылықтан қалай қорғау жайында айтып берген еді.