Дәрігерлер қазақстандықтарға қауіпті инфекция туралы ескерту жасады
Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті қазақстандықтарға менингококк инфекциясы туралы айтып, оның белгілерін атады, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Менингококк инфекциясы – жұқпалы ауру. Оның алғашында кәдімгі суық тиюге ұқсас белгілер байқалады. Яғни:
- мұрыннан су ағу;
- жөтел.
Одан кейін аурудың негізгі белгілері пайда болады:
- дене қызуының 38–40 градусқа дейін көтерілуі;
- кенеттен құсу;
- қатты бас ауруы;
- бастың шалқайып, аяқтың ішке қарай бүгіліп, ішке тартылуы;
- басты кеудеге қарай еңкейткенде қарсылықтың байқалуы;
- басқанда жоғалмайтын, жұлдыз тәрізді күлгін-қызыл бөртпенің пайда болуы.
Ауру ауа-тамшы жолы арқылы, яғни жөтелгенде, түшкіргенде және сөйлескенде жұғады. Мамандардың айтуынша, бұл инфекциямен көбіне бір жастан екі жасқа дейінгі балалар, сондай-ақ 30 жасқа дейінгі жастар ауырады. Аурушаңдық қыс-көктем мезгілінде артады.
Менингококк инфекциясы кереңдікке, балалардың ақыл-ой дамуының тежелуіне, сирек жағдайларда сал ауруына әкелуі мүмкін.
Алдын алу шаралары
- денені қатты тоңдырмау;
- адам көп жиналатын орындарға баруды шектеу;
- күн тәртібі мен тамақтану режимін сақтау;
- суық тиген жағдайда медициналық маска тағу;
- бөлмені үнемі желдетіп, ылғалды тазалау жұмыстарын жүргізу;
- науқаспен байланыста болған жағдайда 10 күн бойы медициналық бақылауда болу.
Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті менингококк инфекциясы кезінде өз бетінше емделуге болмайтынын ескертеді.