Биыл Жаңа жылға Алматыны безендіруге 512 миллион теңгеден астам қаржы жұмсалуы мүмкін
Алматыда 2027 жылғы Жаңа жыл мерекесіне орай бюджеттен 512,3 миллион теңге бөлу жоспарланып отыр. Бұл туралы Мемлекеттік сатып алу порталында жарияланған конкурста көрсетілген, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Мәдениет басқармасының тапсырысы бойынша Абай алаңына биіктігі кемінде 13 метр болатын үш деңгейлі шырша орнатылмақ.
Сонымен қатар алаңда "Кәмпит салынған пакет", "Айнадай сыйлық", "Тәтті аллея", "Граммофон" және "Телефон будкасы" секілді жаңа жылдық инсталляциялар пайда болады. Аюлар, кәмпиттер, ойыншықтар мен басқа да сәндік композициялар қойылады. Бұған қоса, биіктігі кемінде 4,7 метр болатын жарық арка орнату жоспарланған.
Жобаның бір бөлігі ретінде Республика сарайының қасбеті мен шатыры да жарық гирляндаларымен безендіріледі.
Бұдан бөлек, Абай алаңында үш күн бойы жаңа жылдық концерттік бағдарлама өтеді. Онда эстрада жұлдыздары, би ұжымдары мен балалар шығармашылық топтары өнер көрсетеді. Мерекелік сахнаны безендіру де жоспарға енгізілген.
Мемлекеттік сатып алу құжаттарына сәйкес, мерекелік безендіру мен концерт ұйымдастыруға арналған ірі лоттардың құны:
- Абай алаңын шырша және инсталляциялармен безендіру – 288,7 миллион теңге;
- Үш күндік жаңа жылдық концерт пен сахнаны безендіру – 138,8 миллион теңге;
- Көшелерді жарық кронштейндерімен безендіру – 84,8 миллион теңге.
Конкурстарға өтінім қабылдау қараша айында аяқталады.