Қоғам

Қазақстан азаматтығынан бас тартушылар саны азайды

Журналист-блогер Сырым Итқұлов Қазақстан азаматтығынан шығуға ниетті адамдар санының азайғанына назар аударды.

Ол Instagram желісінде 2019 және 2026 жылдардағы көрсеткіштерді салыстырып, қазақстандықтардың өз төлқұжатының қадірін бұрынғыдан да жоғары бағалай бастағанын айтты.

«Қазақстандықтар көк төлқұжатын барған сайын берік ұстап отыр. ҚР азаматтығынан бас тартатындар саны азайып келеді», – деп жазды Итқұлов.

Блогер өз жарияланымында 2019 жылы азаматтықтан шығуға 1700 өтініш берілсе, 2026 жылы бұл көрсеткіш 43-ке дейін азайғанын келтірді. Сондай-ақ Қазақстан азаматтығын алуға ниет білдірушілер саны алты есе артқанын мәлімдеді.

Итқұлов визасыз саяхаттау мүмкіндіктеріне де тоқталды.

«Біздің төлқұжатпен 80 елге визасыз баруға болады. Шын мәнінде, Орталық Азиядағы ең мықты төлқұжат бізде», – деп жазды блогер.

Ол шетелдерге сапарлау мүмкіндіктерінің кеңеюін Президенттің халықаралық деңгейдегі белсенді қызметімен байланыстырды.

Ресми статистика нені көрсетеді?

Қазақстан азаматтығынан шығу туралы өтініштер санының азайғаны жөніндегі мәліметтерді бұған дейін Ақорда жариялаған.

Ресми ақпаратқа сәйкес, 2019 жылы мұндай өтініштер саны 1,7 мың болса, 2020 жылы – 944, 2021 жылы – 123, ал 2022 жылы 114 болған.

Кейін бұл көрсеткіш төмендеуін жалғастырып, 2023 жылы – 107, 2024 жылы – 77, ал 2025 жылы 68 өтініш тіркелген.

Қазақстан азаматтығын кімдер алып жатыр?

Азаматтыққа қабылдау туралы қосымша мәліметтерді Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі жариялады.

Ведомство ұсынған кестеге сәйкес, 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында Президент жарлықтары негізінде 279 адам Қазақстан азаматтығын алған. Ал жеңілдетілген тәртіппен 9243 адам азаматтыққа қабылданған.

Осылайша, жарты жыл ішінде 9522 адам Қазақстан азаматтығын алған.

Жеңілдетілген тәртіппен азаматтық алғандардың 7518-і – қандастар.

Сонымен қатар 972 адам Қазақстан, Беларусь, Қырғызстан және Ресей арасындағы келісім негізінде Қазақстан азаматтығына қабылданған.

Тағы 710 адам Тұрмыстағы әйелдің азаматтығы туралы конвенцияға сәйкес Қазақстан азаматтығын алған.