Қоғам

Асхат Рахымжанов: Жолдаудағы ауқымды құрылыс бастамасы халық табысының өсуіне жол ашуы тиіс

Жаңа нысан бой көтерсе, өңірге жан бітуі керек. Жол салынса, кәсіпке жол ашылуы тиіс. Ал ауқымды жобалардың түпкі нәтижесі халықтың тұрмысынан көрінуі қажет. Ақмола облысының тұрғындарымен кездескен Құрылтай депутаты Асхат Рахымжанов Президент Жолдауындағы бастамалардың маңызын осылай сабақтады.

2 қарашадағы жұмыс сапары барысында депутат Көкшетаудағы Шоқан Уәлиханов атындағы университеттің оқытушыларымен және студенттерімен, «Тыныс» пен «Новопэк» кәсіпорындарының еңбек ұжымдарымен кездесті. Зерендіде аудандық өнер мектебінің қызметкерлерімен және Мәлік Ғабдуллин атындағы мектеп-гимназиясының педагогтарымен пікір алмасты.

Әңгімеге арқау болған негізгі мәселе – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауында белгіленген басымдықтар. Тұрғындарды ауқымды бастамалардың қалай жүзеге асатыны, өңірге қандай мүмкіндік әкелетіні және отбасы бюджетіне қалай әсер ететіні қызықтырады.

Асхат Рахымжановтың айтуынша, 2027 жылды Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы деп жариялау жергілікті экономиканың тынысын ашуға мүмкіндік береді. Мектеп пен аурухана, автомобиль және теміржол құрылысы тұтас өңірдің дамуына серпін беруі тиіс.

– Президент «Қуатты қала – қуатты өңір – қуатты Қазақстан» деген өзара сабақтас бағыттарды айқындады. Әлеуметтік инфрақұрылым мен жол құрылысы өңір экономикасын жандандыруға ықпал етуі керек. Ал мұның басты мақсаты – халықтың табысын арттыру, – деді депутат.

Құрылыс жүрген жерде материалға сұраныс артады, жабдық қажет болады, қызмет көрсету аясы кеңейеді. Депутат осы мүмкіндіктерді жергілікті кәсіпкерлер мен тұрғындардың пайдалана білуі маңызды екенін айтты. Жаңа өндіріс ашу, құрылыс материалдарын жеткізу, қажетті қызметтер ұсыну арқылы азаматтар ауқымды іске атсалыса алады.

– Ең бастысы, адамдар өздеріне де көп нәрсе байланысты екеніне сенуі керек. Әр азамат шет қалмай, осы жұмысқа қатысудың жолын таба алады. Құрылыс қосымша өндірістер ашуға, материалдар мен жабдықтар жеткізуге мүмкіндік береді, – деді Асхат Рахымжанов.

Оның пікірінше, әр жобаның өзегінде жергілікті халықтың нақты сұранысы тұруы қажет. Бір ауданға жол керек болса, екіншісіне әлеуметтік нысан қажет. Сондықтан құрылыс жоспары өңірдің ерекшелігі мен тұрғындардың қажеттілігіне сүйеніп жасалуы тиіс. Жаңа нысанның сапасы, мерзімінде аяқталуы және кейінгі күтімі де бірдей жауапкершілікті талап етеді.

Кездесулерде еңбекақы мен әлеуметтік қолдау мәселелері де көтерілді. Асхат Рахымжанов ең төменгі жалақыны арттыру бастамасын қолдап, халық табысының өсуі экономикалық саясаттың басты өлшемдерінің бірі болуы керектігін жеткізді. Оның айтуынша, партия соңғы үш-төрт жылдағы мониторинг нәтижелеріне сүйеніп, бюджет талқылауы кезінде ең төменгі жалақыны 110–115 мың теңге деңгейінде белгілеуді ұсынған.

– Бюджетті талқылаған кезде азаматтардың табысын өсіруге жеткілікті көңіл бөлінбегенін айтқан едік. Сондықтан ең төменгі жалақыны көтеру туралы бастаманы қолдаймын, – деді депутат.

Асхат Рахымжанов Азаматтық кодекстің әзірленуі мен талқылануына да ерекше назар аударатынын айтты. Азаматтардың күнделікті тіршілігінен бастап, меншік пен кәсіпкерлік қатынастарына дейін қамтитын құжаттың қоғам өміріндегі салмағы зор екенін атап өтті.

Депутат Президент Жолдауын елдегі реформалардың сабақтас жалғасы ретінде бағалады. Оның пікірінше, өзгерістердің біртұтас бағытта жүзеге асуы халықтың болашаққа сенімін нығайтуға тиіс. Ал сол сенімнің берік негізі – өңірдегі жаңа мүмкіндік, тұрақты жұмыс және әр отбасының тұрмысындағы нақты ілгерілеу.