Қоғам

Алматыда оқушылар уланған мектептің директоры ауысты

Қазанда мектепте 58 оқушы уланып, ауруханаға түсті.

Алматыдағы оқушылары жаппай уланған республикалық физика-математика мектебіне жаңа директор тағайындалды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

"Республикалық физика-математика мектебінің Алматы филиалының директоры болып "Математика" мамандығы бойынша PhD докторы Алмаз Күнғожин тағайындалды. Ол бұған дейін РФММ-да білім алған. Мейірбек Едігерұлы директор қызметіндегі жұмысын аяқтады", - деп жазылған мектептің хабарламасында.

Алмаз Күнғожин 2018–2023 жылдары мектепті басқарған. Әр жылдары РФММ-да мұғалім, математика пәнінен олимпиадаға дайындау бойынша жаттықтырушы, Директордың бейіндік-эксперименттік жұмыс жөніндегі орынбасары қызметтерін атқарған.

2023 жылдың қыркүйегінен бастап "РФМШ" КеАҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары қызметін атқарды.

Еске сала кетейік, 14 қазанда аталған мектепте 58 оқушы уланып, ауруханаға түсті. Араға бір апта салып оқушылар ауруханадан шықты. Оқушылардың жаппай улануына байланысты полиция қылмыстық іс қозғады. Кейін мектепте санитарлық талаптардың сақталмағаны белгілі болды.