Қоғам

Алматы метросында ONAY жүйесінде ақау шыққан

9 қарашада таңертең Алматы тұрғындары метрополитендегі ONAY төлем жүйесінде ақау болғанын хабарлады.

 Жолаушылардың айтуынша, көпшілігі қосымша арқылы жол ақысын төлей алмаған. Салдарынан станцияларда ұзын-сонар кезек пайда болып, кейбір тұрғындар жұмысқа немесе оқуға кешігіп қалған, деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Әлеуметтік желілерде Алматы тұрғындарынан метро жолақысын төлеуге қатысты ондаған шағым пайда болды.

Жолаушылар ONAY қосымшасының дұрыс жұмыс істемей тұрғанын, соның салдарынан турникеттерден өтуге қажетті кодты ала алмағанын хабарлады. Нәтижесінде, метро кіреберістерінде кезектер пайда болған.

Пайдаланушылар пікірлерде автобустарда да жол ақысын төлеуге қатысты мәселелер туындағанын жазды. Сондай-ақ кейбір жолаушылар метрополитенде Apple Pay арқылы төлем жасау мүмкін болмағанын айтады.

Алматы метрополитені не деп жауап берді?

Алматы метрополитенінің баспасөз қызметі ONAY жүйесінде ақау болғанын растады. Мекеме мәліметінше, 9 қараша күні сағат 06:30-дан бастап метроның барлық станциясында жолаушылар жол ақысын қосымшадағы QR-код арқылы төлей алмаған.

"Сағат 09:30-да "Оңай" жүйесіндегі техникалық ақау толығымен жойылды. QR-код арқылы жол ақысын төлеу мүмкіндігі қалпына келтірілді. Туындаған қолайсыздықтар үшін жолаушылардан кешірім сұраймыз", - деп хабарлады метрополитен басшылығы.

Сонымен қатар метро әкімшілігі төлемнің басқа тәсілдері қалыпты режимде жұмыс істеп тұрғанын хабарлады. Жолаушылар турникеттерден өту үшін көлік карталарын, банк карталарын, Apple Pay, Samsung Pay жүйелерін және QR-коды бар қағаз билеттерді пайдалана алды.

Tengrinews.kz ақаудың себебін анықтау мақсатында Алматы қалалық әкімдігі мен ONAY компаниясына хабарласып, ақпарат сұрады. Мақала жарияланған сәтте олардан ешқандай жауап түскен жоқ.

Tengrinews.kz бұған дейін Алматы метросы жолаушылар ағынына неге толық төтеп бере алмай жатқанын хабарлаған болатын. Қарбалас уақытта станцияларда ұзын-сонар кезек пайда болып, пойыздарға адам сыймай қалады. Метро басшылығы мұның басты себептерінің бірі ретінде пойыз құрамдарының жетіспеушілігін атап өтті. Қазіргі уақытта бар 15 пойыздың 13-і ғана қызмет көрсетіп жатыр, ал 2027 жылы жаңа пойыздарды іске қосу жоспарланып отыр.