Қазақстанда баспана бағасы қымбаттады
Қазақстанда қазан айында жаңа үйлердің бағасы бағасы қымбаттаған. Ең көп Қызылорда мен Ақтөбе облыстарында өсті. Ал Алматы мен Астанада баспана құны айтарлықтай өзгермеген, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Алматы мен Астанада бір шаршы метрдің бағасы ел бойынша ең жоғары деңгейде қалды.
Ұлттық статистика бюросының 2026 жылғы қазан айындағы дерегіне сәйкес, қазан айында Қазақстанда жаңа үйлердің бағасы орта есеппен 0,5 пайызға, қайталама нарықтағы пәтерлер 0,1 пайызға өсті. Ал абаттандырылған тұрғын үйді жалдау ақысы бір айда 0,6 пайызға арзандады.
Алайда былтырғы қазанмен салыстырғанда тұрғын үй нарығының барлық сегментінде өсім тіркелген. Бір жылда жаңа үйлер 10,4 пайызға, қайталама нарықтағы пәтерлер 7,1 пайызға, ал жалға берілетін баспана 14,6 пайызға қымбаттады.
Қазан айында жаңа үйлердің бағасы Қызылорда облысында 5,3 пайызға, Ақтөбе облысында 4,6 пайызға өскен. Оралда бұл көрсеткіш 3,1 пайыз болды.
Қайталама нарықта баға ең көп Қонаевта – 2,9 пайызға, Шымкентте 2,2 пайызға көтерілді.
Ал жалға берілетін баспана Қызылордада 2,1 пайызға, Көкшетауда 1,7 пайызға қымбаттаған. Керісінше, Семейде жалдау ақысы 2,5 пайызға, Қонаевта 2,2 пайызға төмендеді.
Қазан айында ел бойынша жаңа үйдің бір шаршы метрі орта есеппен 629 463 теңге болды. Қайталама нарықтағы пәтердің бағасы 639 009 теңгеге жетті. Ал баспананы жалға алу құны бір шаршы метр үшін орта есеппен 5 451 теңге болды.
Ең қымбат баспана Алматы мен Астанада тіркелген. Алматыда жаңа үйдің бір шаршы метрі орта есеппен 746 673 теңге тұрса, Астанада 746 490 теңгеге жеткен.
Қайталама нарықтағы пәтердің шаршы метрі Алматыда 756 330 теңге, Астанада 742 709 теңге болған.
Жалға алу бағасы да осы екі қалада жоғары. Астанада бір шаршы метрді жалдау орта есеппен 6 352 теңге болса, Алматыда 6 288 теңге болған.