Басты жаңалықтар

Даниал Ахметов: Неге көше мен қала атына келгенде орысша атауларға жабысып қалдық?

Ахметов әлі қазақшаланбаған аулдар мен көшелерге әкімдер мен қарапайым халықты кінәлады

Аймақ басшысы өзі де кезінде декоммунистік партия қатарында болғанымен, өткен ғасырдың басындағы ауқымды саяси қуғын-сүргінге нақ осы «қызылдардың» кінәлі екенін атап көрсетті. «Ленин, Киров, Орджоникидзе, Дзержинский деген секілді атауларға неліктен жабысып қалдық? Нақ осы «қайраткерлердің» кесірінен миллиондаған адамдар қырылды. Біз өскелең ұрпақты достыққа, тәуелсіздікке баулуымыз керек. Ендеше көшелерді Достық, Тәуелсіздік деп атайық. Бізге өз заманымыздың қаһармандарын дәріптеу қажет. Айталық, Сағадат Нұрмағамбетов осындай құрметке әбден лайық. Зырянның өзінен шыққан қаншама соғыс батырлары бар. Ұлыларымыз - Абай, Әуезов, Жамбыл бар, Лермонтов пен Пушкин бар. Қаншама даңқты жерлестеріміздің - жұмысшылар мен инженерлердің, мұғалімдер мен дәрігерлердің есімдері ескерусіз қалып жатыр. Осы бағытта жұмыс істейік», - деді Даниал Ахметов. Айта кетейік, Зырян қаласында көшелердің атауын ауыстыру жұмыстары басталып кеткен. Жуырда тағы 28 көше өзгертілмек. Жергілікті қоғамдық кеңестің ұсынысына сай, Советская - Тәуелсіздік, Ленин Астана болып ауыспақшы. Лениногорская - Шиелі, Комсомольская- Зыряннан шыққан Кеңес одағының батыры Павел Кольцов деп өзгертілуі ықтимал. Сондай-ақ Канавная, Пролетарская, Ворошилов көшелері - Бастау, Спорт, Еңбек көшелері атанбақ. Ал Советская тұйық көшесі Көлеңкелі болып өзгермекші. Ең бастысы, қаланың өз атауын ауыстыру мәселесі де қаралуда, кеншілер қалашығы Алтай атануы мүмкін.