Денсаулық

жетісу облысында 31 жастағы әйел төртем босанып, жеті баланың анасы атанды

Жетісу облысында 31 жастағы келіншек төрт ұлды дүниеге әкелді. Сөйтіп күйеуі екеуі жеті баланың ата-анасы атанды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

10 қарашада төрт емнің анасы Акушерлік, гинекология және перинатология ұлттық ғылыми орталығынан үйіне шығарылды. Бұл - әйелдің төртінші жүктілігі, оның бұған дейін үш баласы бар. Ол жүктіліктің 12-аптасында дәрігерге есепке тұрған. Бұл жолы бір емес, бірден төрт сәби күтіп жүргенін білгенде, алғашында өзі де сенбеген.

"Талай сезімді бастан өткердім: таңғалдым, қуандым, әрине, қобалжыдым да. Алда оңай жол күтіп тұрмағанын түсіндім, бірақ бәрі жақсы болатынына қатты сендім", – деді ол.

Дәрігерлердің айтуынша, мұндай жүктілік - акушерлік практикада өте сирек кездесетін әрі күрделі жағдай. Статистика бойынша мұндай оқиға шамамен 600-700 мың жағдайдың біреуінде ғана кездеседі. Әйел 23-аптадан бастап мамандардың бақылауында болды.

24 қыркүйекте жүктіліктің 30-аптасы 6-күнінде әйелге кесарь тілігі жасал төрт ұл өмірге келген.

  • Арлан – 1400 грамм, 40 сантиметр;
  • Арсылан – 1700 грамм, 42 сантиметр;
  • Әлихан – 1700 грамм, 44 сантиметр;
  • Әмірхан – 1700 грамм, 43 сантиметр.

"Біздің ұжым үшін бұл – ерекше жағдай. Төрт ұл дүниеге келуі - дәрігерлер мен медбикелердің бірлескен еңбегінің нәтижесі. Аман-есен босандырып қана қоймай, шала туған әр сәбиге медициналық көмек көрсету де өте маңызды", – деді сәбилерді үйіне шығару рәсімінде АГПҰҒО басқарма төрағасы Ардақ Аязбеков.

Әйел орталықтың дәрігерлері мен барлық медицина қызметкеріне көрсеткен қамқорлығы, қолдауы үшін алғыс білдірді. Төртемнің әкесі өзінің қобалжығанын жасырмады.

"Бірден төрт ұлдың әкесі болу - шексіз бақыт, үлкен жауапкершілік. Осы уақыт ішінде жұбайым мен сәбилер үшін қатты уайымдадық, жақсылықтан үміт үзген жоқпыз. Мен үшін ең бастысы - жарым мен балаларымның денсаулығы, сондай-ақ, үлкен отбасымыз түгел жиналуы", - деді ол.