Дариға Бадықова қазіргі күйеуі Олжас Абайға қалай тұрмысқа шыққанын айтты
Танымал актриса Дариға Бадықова қазіргі күйеуі Олжас Абаймен арадағы махаббат қай уақытта басталғанын айтты, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Актриса Олжас Абаймен қарым-қатынасы бірден басталмағанын айтты.
«Екі кинодан кейін басталды. Мен ол кезде бөлек кетіп қалған адаммын. Арамыз жақсы болып жүрген кездері Олжастың маған берген сақиналары көп. Міне, үйленемін-ау деп сақина сыйлап қояды. Қайта-қайта ренжісіп қаламыз. Соңғы уақытта «Екі жаққа кетейік, ешнәрсе шықпайды, ырду-дырду болып жүреміз бе?» деп мен кетіп қалдым. Содан шетелге жол жүріп кеттім», – дейді актриса.
Актриса Дубайға кеткенде Олжас Абай оған хат жазып, сезімін білдірген.
«Дариға, қашан келесің? Сағындым» деп жазыпты. Оқыдым, бірақ жауап жазған жоқпын. Тек бірнеше сағаттан соң ғана жауап қайтардым, келетін уақытымды айтып. Елге келсем, қолында сырғасы бар екен, соны сыйлап тұрып, той жасайтынын айтты. Содан үйленейік деп ұсыныс жасады», – дейді Дариға Бадықова.
Ол сол тұста іштей келіссе де уайымдағанын да қозғап өтті.
«Бұл жағдай қалай болады екен деп ойладым. Енді оның алдында тұрмыста болғанмын. Ол жағдай қалай болады екен деп барлығын уайымдадым. Бірақ келістім. Келіспей қоймайсың ғой. Арада махаббат бар. Махаббат болғаннан кейін кете алмайтынымды біліп тұрмын. «Кетші» дегеннің өзінде де бір бірімізден кете алмай тұрмыз», – дейді актриса Дариға Бадықова.