Экологтар Санжар Боқаевтың Баум тоғайында құрылыс жүріп жатқаны туралы ақпаратты жоққа шығарды
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 16:47
- 42
Кезекті отырыста сот жаңа куәгерлерден – полиция қызметкерлерінен, экологтардан және манипулятор жүргізушісінен жауап алды. Олардың келтірген деректері Ұлан Нүсіпқожаның бұған дейін берген жауабына сәйкес келді. Сонымен қатар сот отырысы барысында Боқаевтың өзіне қатысты маңызды деректі абайсызда айтып қойғаны тіркелді.
Сот процесі барысында Алматы қаласы Полиция департаментінің жедел қызметкерлері Қалбыров пен Мақажановтан жауап алынды. Олар 2025 жылғы 25 қазанда Баум тоғайында ағаштар кесілген түні инсценировка қатысушыларының қозғалыс бағытын «Сергек» бейнебақылау жүйесінің көмегімен минутына дейін қалай қалпына келтіргендерін баяндады.
Жедел қызметкерлердің айғақтары Ұлан Нүсіпқожаның жақында ғана кінәсін мойындаған мәлімдемесімен егжей-тегжейлі сәйкес келді. Бұған дейін мобилограф Боқаевтың өзіне белгісіз бір адамның жанына баруды және көлік терезесі арқылы оған бір бума қолма-қол ақша беруді тапсырғанын айтқан болатын. Бұл Баум тоғайындағы ағаштардың кесілуі туралы жалған бейнеролик түсірудің алғашқы күні болған.
Жедел уәкіл Мақажанов бейнебақылау камералары аталған кездесуді тіркегенін сотта ресми түрде растады. Жазбалардан Ақылбек Хамракуловтың Нүсіпқожаның көлігіне жақындап, терезе арқылы әлдебір затты алып жатқаны көрінеді.
Осыдан кейін Хамракулов Nissan Primera автокөлігінің жолаушылар орнына отырған (көлікті сыбайластардың бірі – Нұрсұлтан Раз басқарған) және бірден Баум тоғайына қарай бет алған. Автокөлік саябақ маңына тоқтаған соң, Хамракулов пен тағы бір адам орманға кірген. Дәл сол түні мұнда ағаштар кесілген.
Полиция қызметкерінен жауап алу кезінде жағдайды түзетуге тырысқан Санжар Боқаев қателік жіберіп, іс жүзінде қылмысқа қатысы бар екенін аңғартып қойды. Тергеу әрекеттеріне наразылық білдірген айыпталушы полицияның шамамен 15 қызметкері «біздің ағаштарды қалай кескенімізді» бақылап жүргенін мәлімдеді. Ағаштарды заңсыз кесу контекстінде «біз» есімдігін қолдануы оның бұл әрекетке қатысқанын абайсызда болса да мойындаумен бірдей.
Боқаевтың коммерциялық нысандардың құрылысына жол бермеу үшін тоғайды қорғауға келгені туралы сөзіне «Медеу» мемлекеттік өңірлік табиғи паркінің директоры әрі бас орманшысы Ұзақ Мықытанов күмән келтіріп, аталған оқиғаның кесірінен бес ағаш құлатылып, тағы 11 ағаш зақымданғанын айтты.
«Тоғайда құрылыс нысандары жоқ және болмайды. Мұнда кез келген қызметке тыйым салынған. Бұл – табиғат ескерткіші», – деді куәгер.
Ол кезде саябақ аумағында абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатқан. Атап айтқанда, жүгіруге арналған жолдар төселіп, шамдар мен бейнебақылау камералары орнатылған.
Экологтың айтуынша, аумақты қайта жаңғырту туралы ақпарат барлық жерде ресми түрде жарияланған. Алдын ала белгілі координаттар болмаса, Боқаев түн ішінде шетсіз әрі тас қараңғы орманның ішінен ағаштар кесілген жерді физикалық тұрғыдан таба алмас еді.
Алдыңғы сот отырыстарында қорғау тарапы «ормандағы түшкірудің дыбыс деңгейін» анықтауға тырысса, бұл жолы адвокат Мусина кәсіби орманшыға шындап тұрып: «Ағаштардың кесілгенін қалай анықтадыңыз?» деген сұрақ қойды.
Үлкен Алматы өзеніндегі гранит тақталарға қатысты эпизод бойынша берілген куәгерлік те Боқаев жағдайын қиындата түсті. Сотта ұрланған гранитті тасымалдауға жалданған кран-манипулятор жүргізушісі Сұлтановтан жауап алынды.
Оның әңгімесі де Нүсіпқожаның фейк бейнероликтің екі сәтсіз дублі туралы сөздерін растады. Сұлтанов гранит тақталарды жұмысшы Хамракуловтың тапсырмасымен екі рет тасымалдағанын айтты. Алғашқы жолы құрылыс материалдары Тұздыбастау ауылының бір тұйық көшесіне түсірілген (бұған дейін Нүсіпқожа Боқаевтың тақталардың бос жатқан алаңға түсірілгеніне ашуланып, түсірілген видеоны жарамсыз деп тапқанын баяндаған болатын).
Екінші жолы Хамракулов гранитті Бесағаш ауылының құлпытас жасайтын цехына апаруды тапсырған. Сонымен қатар жүргізушіге, егер жолда тоқтатса, тақталарды қоқыстан тауып алдық деп айту керектігін ескерткен. Сұлтановтың айтуынша, олар барлық тақтаны түсіріп үлгермеген кезде, қолында камерасы бар Боқаев күтпеген жерден келіп қалған. Сол сәтте Хамракулов (оған басшымен бірге кадрға түсуге болмайтын) бой тасалап, қашып кеткен. Әшкерелеуге арналған жалған бейнеролигін түсіруді аяқтаған соң, Боқаев манипулятор жүргізушісіне түсірілген екі тақтаны сол жерде қалдырып, қалғандарын өзенге қайта апарып тастауды тапсырған.



