Қоғам

Қазақстанда докторанттардың шәкіртақысы 500 мың теңгеге дейін жетуі мүмкін

Доктаранттардың шәкіртақысы өседі.

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек PhD докторантурада білім алып жүргендердің шәкіртақысы 2029 жылға қарай 500 мың теңгеге дейін өсуі мүмкін екенін айтты. Бұл туралы ол Құрылтай отырысынан кейін журналистерге берген сұхбатында мәлім етті, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Қазіргі уақытта PhD докторантурасының студенттерінің ай сайынғы шәкіртақысы шамамен 260 мың теңгені құрайды.

Ведомство басшысының сөзінше, кейінгі бес жыл ішінде докторанттарға төленетін шәкіртақы екі есеге ұлғайған. Алдағы уақытта да төлем мөлшерін кезең-кезеңімен арттыру көзделіп отыр.

"Қазір PhD докторанттары ай сайын шамамен 260 мың теңге шәкіртақы алып отыр. Соңғы бес жылда оның көлемі екі есеге артты. Бұл бағыттағы жұмыс тоқтамайды. 2029 жылға дейін шәкіртақыны 500 мың теңгеге жеткізу жоспарымызда бар", – деді Саясат Нұрбек.

Министр жас зерттеушілерге көрсетілетін қолдау тек шәкіртақы төлеумен шектелмейтінін де жеткізді.  

"Мемлекет басшысының қолдауымен жас ғалымдарды баспанамен қамтамасыз ету жұмысы жүргізіліп келеді. Кейінгі екі жылдың ішінде 813 жас ғалым тұрғын үй алды", – деді министр.