Қоғам

ІІМ Қазақстанда электромобильдерге арналған жасыл нөмірлерді бекітті

Қазақстанда электромобильдерге орнатылатын жасыл түсті мемлекеттік нөмірлер бекітілді

Қазақстанның Ішкі істер министрлігі «Мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерінің нысандары мен үлгілерін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2015 жылғы 19 желтоқсандағы № 1040 бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы бұйрықты бекітті.

Құжат Бірыңғай құқықтық ақпарат жүйесінің сайтында жарияланды.

Бұйрықта электр қуатымен жүретін жеңіл және жүк автомобильдеріне, сондай-ақ электробустарға арналған алдыңғы және артқы мемлекеттік тіркеу нөмірлерінің жаңа түрлері қарастырылған. Бұл өзгеріс жеке тұлғаларға да, заңды тұлғаларға да тиесілі көлік құралдарына қолданылады.

Кәдімгі электромобильдердің мемлекеттік нөмірі ақ түсті болады. Онда Қазақстанның мемлекеттік туы бейнеленіп, өңір коды жазылатын бөлік жасыл түспен ерекшеленеді. Цифрлар, әріптер және «KZ» айырым белгісі қара түспен жазылады.

Ішкі істер органдарының арнайы және жедел қызметтеріне тиесілі электромобильдердің нөмірі көк түсті болады. Өңір коды жазылатын бөлік жасыл, ал таңбалар ақ түсті болады.

Электрлі мотоциклдерге де жеке нөмір үлгісі қарастырылған.

Дипломатиялық өкілдіктер мен консулдық мекемелер қызметкерлерінің, сондай-ақ құрметті консулдардың қызметтік және жеке электромобильдеріне арнайы нөмір үлгісі қарастырылған. Бұл үлгі шетелдік заңды тұлғалар мен шетел азаматтарының электромобильдеріне де қолданылады.

Дипломатиялық нөмірлердің фоны қызыл, ал шетел азаматтарына тиесілі өзге санаттағы электромобильдердің нөмір фоны сары болады. Өңір коды жазылатын бөлік жасыл түспен ерекшеленеді.

Бұйрық 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді.