Ерлан Көкеев АБК тобын құру Қыдырәлі Болмановтың идеясы болмағанын айтты
Әнші Ерлан Көкеев АБК тобы қалай құрылғанын айтты. Үш өнерпаздың бас қосуына студиядағы бір әннің жазылуы себеп болған, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Өнер иесінің айтуынша, топ құру идеясын Қыдырәлі Болманов ұсынбаған. Сол кезде ол музыкалық студияда аранжировка жасаумен айналысқан. Бір әнді жазу барысында үш дауыспен орындалатын тұсы болған. Сөйтіп ол үш дауыс қосқан.
“Бір партиясын айттым, екіншісін, үшіншісін де жаздым. Тыңдап көрсем, дұрыс естілмейді. Өйткені бір адамның даусымен бірнеше партияны орындағанда электрон әсер пайда болады екен. Сол кезде студияға Қыдырәлі кірді. Оған әннің бір тұсын айтып беруді өтіндім. Айтып беріп, кетіп қалды. Тыңдасам, бұрынғыдан жақсырақ шыққан”, – деп еске алды Көкеев.
Кейін студияға Медеу Арынбаев келген. Оған жоғарғы дауысты орындауды ұсынғаннан кейін әннің үйлесімі табылған.
Көп ұзамай Ерлан Көкеевті қала күніне арналған концертке шақырған. Әнші ұйымдастырушылардан Қыдырәлі Болманов және Медеу Арынбаевпен бірге өнер көрсетуге рұқсат сұраған. Ал топтың атауы концерт кезінде аяқасты пайда болыпты.
“Бір кезде Алексей Сергеевич бүкіл стадионға “АБК, сахнаға!” деп хабарлады. Біз өзімізге айтылып жатқанын түсінбедік. Ол тағы қайталады. “АБК деген кімдер?” деп отырмыз. Сосын “Арынбаев, Болманов, Көкеев, сахнаға!” деді. Қарасақ, жаман атау емес сияқты. Сахнаға шығып, әнімізді орындадық. Кейін “АБК деген атауды қалдырайық” деп келістік”, – деді әнші.
Көкеевтің айтуынша, үшеуінің үлкені Қыдырәлі Болманов болғандықтан, кейін топтың ұйымдастыру жұмыстарына белсене кіріскен. Содан бастап АБК тобы құрылыпты.