«Заң және тәртіп»: Бас прокуратура халықаралық конференцияда жаңа бастамаларды таныстырды
Қазақстанда «Заң және тәртіп» қағидатын іске асырудың өзекті мәселелері мен құқық қорғау саласындағы заманауи технологиялар халықаралық деңгейде талқыланды.
Бас прокурор Берік Асылов халықаралық ғылыми-практикалық конференцияны ашып, заң үстемдігін нығайту бағытындағы маңызды міндеттерге тоқталды, деп хабарлайды Kyn.kz.
«Қазіргі құқықтық жүйедегі «Заң және тәртіп» конституциялық қағидаты: сын-қатерлер, инновациялар және шешімдер» атты конференцияға еліміздің мемлекеттік органдары, халықаралық ұйымдар мен шетелдік құқық қорғау және ғылыми мекемелердің өкілдері қатысты.
Жиында Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев, Жоғары Сот Кеңесінің төрағасы Дмитрий Малахов, Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Жанат Элиманов, БҰҰ Даму бағдарламасының Қазақстандағы Тұрақты өкілінің орынбасары Сухроб Ходжиматов, ЕҚЫҰ-ның Астанадағы бағдарламалар кеңсесінің басшысы Алексей Рогов және БҰҰ-ның Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасының өңірлік өкілі Оливер Штольпе сөз сөйледі.
Конференцияға сондай-ақ Қауіпсіздік Кеңесінің өкілдері, Құрылтай депутаттары, Ғылым және жоғары білім министрі, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл, Ресей прокуратурасы университетінің ректоры, Түркия Әділет академиясының президенті және құқық қорғау саласының жетекші сарапшылары қатысты.
«Заң бәріне бірдей»: Бас прокурор маңызды қағидатты еске салды
Пленарлық отырысты ашқан Берік Асылов жаңа Конституцияның қабылдануы елдің одан әрі дамуына, мемлекеттілікті нығайтуға, азаматтардың құқықтарын қорғауға және құқықтық жүйені жетілдіруге жаңа мүмкіндіктер ашқанын атап өтті.
Оның айтуынша, «Заң және тәртіп» идеологиясы Конституцияның кіріспесі мен негізгі қағидаттарында бекітілген.
Бұл ұстаным мемлекеттік органдар тарапынан заңдылық пен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуді ғана емес, әр азаматтың құқықтық санасы мен жауапкершілігін арттыруды да көздейді.
Бас прокурор заң талаптары қоғамдағы мәртебесі мен қызметіне қарамастан баршаға бірдей қолданылуы тиіс екенін атап өтті. Құқық бұзушылықтың кез келген түріне, соның ішінде лауазымды тұлғалар тарапынан жасалатын заңсыз әрекеттерге де тосқауыл қойылуы қажет.
Заманауи технологиялар 20 миллион долларлық активтерді анықтауға көмектесті
Конференцияда құқық қорғау саласын цифрландыру мен жасанды интеллект технологияларын енгізуге ерекше назар аударылды.
Берік Асылов Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында цифрлық трансформация мен жасанды интеллектіні дамыту стратегиялық міндет ретінде белгіленгенін еске салды.
Осыған байланысты прокуратура органдары заманауи технологияларды, талдау жүйелерін және тәуекелдерді болжау құралдарын белсенді қолдануға басымдық беріп отыр.
Жиында прокуратура органдары мен отандық компаниялар әзірлеген IT өнімдер таныстырылды.
Ұсынылған ақпаратқа сәйкес, жаңа технологиялардың көмегімен арнайы прокурорлар биыл шетелдік юрисдикцияларда орналасқан жалпы құны 20 миллион АҚШ долларын құрайтын активтерді анықтаған. Олардың едәуір бөлігі криптовалюта түрінде болған.
Сондай-ақ бұл технологиялар мемлекетке келтірілген залалды өтеу жұмыстарына ықпал еткен.
Халықаралық ынтымақтастық кеңейеді
Конференция барысында әртүрлі елдердің құқық қорғау органдары арасындағы ақпарат алмасу, бірлескен жұмыс және іс-қимылды үйлестіру тетіктері талқыланды.
Осы бағыттағы ынтымақтастықты нығайту мақсатында Бас прокуратура жанындағы Құқық қорғау органдары академиясы мен Есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен олардың прекурсорларының заңсыз айналымына қарсы күрес жөніндегі Орталық Азия өңірлік ақпараттық үйлестіру орталығы (ЦАРИКЦ) арасында өзара түсіністік туралы келісімге қол қойылды.
Сонымен қатар Құқық қорғау органдары академиясы мен Еуропалық жария құқық ұйымы (EPLO), сондай-ақ академия мен Қазақстан Республикасы Жоғары Сот Кеңесінің жанындағы Сот төрелігі академиясы арасында ынтымақтастық келісімдері жасалды.
Халықаралық конференцияның негізгі мақсаты – құқықтық жүйені жетілдіру, заңнаманы дамыту, заманауи сын-қатерлерге қарсы тиімді шешімдер әзірлеу және қоғамда заң мен тәртіп қағидатын нығайту.
Ақпарат көзі: Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы.