Тұрғын үй кешені туралы жалған ақпарат таратқан блогер 43 миллион теңгеден астам өтемақы төлеуге міндеттелді
Алматының Бостандық аудандық соты тұрғын үй кешенінің құрылысына қатысты жалған ақпарат таратқан блогерден 43 миллион теңгеден астам шығын өндіру туралы шешім шығарды, деп хабарлайды Kyn.kz.
Сотта жауапкер Б.-ға қатысты серіктестіктің іскерлік беделін қорғау және шындыққа сәйкес келмейтін ақпараттың таралуынан келтірілген залалды өтеу туралы талап арыз қаралды.
Істің қозғалуына блогердің YouTube арнасы мен Instagram парақшасында жариялаған жазбалары мен бейнематериалдары себеп болған.
Аталған жарияланымдарда блогер тұрғын үй кешенінің заңсыз салынып жатқанын және құрылыс компаниясында қажетті рұқсат құжаттарының жоқ екенін мәлімдеген.
Сот тараптар ұсынған дәлелдемелер мен сараптама қорытындыларын зерттеп, блогер таратқан мәліметтердің шындыққа сәйкес келмейтінін анықтады.
Сот-экономикалық сараптамасының қорытындысына сәйкес, жалған ақпараттың таралуы салдарынан серіктестікке 43 миллион теңгеден астам залал келген.
Сот талап арызды ішінара қанағаттандырды. Шешімге сәйкес, блогер:
* YouTube пен Instagram желілерінде жариялаған жалған мәліметтерді теріске шығаруға;
* Даулы жарияланымдар мен бейнематериалдардың тиісті бөліктерін өшіруге;
* Серіктестікке 43 миллион теңгеден астам залалды және сот шығындарын өтеуге міндеттелді.
Блогер сот шешімі заңды күшіне енген күннен бастап 10 күнтізбелік күн ішінде өз қаражаты есебінен теріске шығару жариялауы тиіс.
Айта кетейік, сот шешімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.