"Соғысты жау бастайды, бірақ оны Иран аяқтайды": АҚШ-қа ескерту жасалды
Иран парламенті Ұлттық қауіпсіздік комитетінің өкілі Хасан Гашкави АҚШ-пен қарым-қатынастағы шиеленіс күшейген тұста Тегеран кез келген жаңа шабуылға қайтаратын жауабы ауқымы жағынан шектеулі немесе қысқа мерзімді болмайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі "Анадолу" сайтына сілтеме жасап.
Агенттік мәліметінше, Гашкавидің сөзін елдің мемлекеттік телеарнасы келтірген.
"Соғысты жау бастайды, бірақ оны Иран аяқтайды", - деп есептейді ол.
Оның айтуынша, Иран қорғаныс және шабуылдау әлеуетін дамытуда айтарлықтай жетістіктерге жетті, сондай-ақ қарсыласты тежеудің белгілі бір деңгейіне ие болды.
Гашкави тіпті қысқа мерзімді шабуылдың өзі бірнеше күнмен шектелмейтін қарымта әрекеттерге ұласатынын ескертті.
"Егер жау Иранға қарсы қандай да бір іс-қимыл жасаса, оны көптеген тосынсый күтіп тұр", - деп атап өтті парламент өкілі.
Сонымен қатар ол Иран өзін әлі де соғыс жағдайында деп санайтынын, ал Тегеран қарсыластарына өз аумағын пайдалануға мүмкіндік беретін елдер өтемақы төлеуге тиіс болатынын түсіндірді.