Қоғам

Елімізде балаларға қауіпті онлайн ойындар мен қосымшаларды бұғаттау ұсынылды

Мәжілісте өткен Үкімет сағатында Құрылтай депутаты Динара Закиева балалардың цифрлық және ақпараттық қауіпсіздігі туралы жаңа заң жобасын таныстырды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Жобада қауіпті онлайн ойындарды бұғаттау, ата-ана бақылауын енгізу және балаларға арнайы ID-карта жасау талаптары енгізілмек,

Динара Закиеваның айтуынша, құжатта балаларды интернеттегі қауіптен қорғауға бағытталған бірқатар өзгеріс қарастырылған.

"Жаңа қауіптер мен технологиялардың дамуын ескере отырып, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін кешенді шаралар ұсынылды. Оның ішінде онлайн ойындар мен қосымшалардың мазмұнын арнайы белгілеу, олардағы хат алмасу және ойын ішінде ақша жұмсау мүмкіндігі туралы ақпарат беру талаптары бар", – деді Динара Закиева.

Сонымен қатар онлайн ойындар мен қосымшалар уәкілетті мемлекеттік органның міндетті тексеруінен өтпек. Егер олардың балаларға қауіп төндіретіні анықталса, мұндай ойындарды интернеттен алып тастау немесе бұғаттау ұсынылып отыр. Ал заң талаптарын орындамаған платформалардың иелері жауапқа тартылмақ.

Депутаттың айтуынша, жаңа талаптар интернет-дүкендерге де қатысты болады.

"Балалар үшін арнайы сүзгі енгізіледі. Соның нәтижесінде тиісті белгісі жоқ және мемлекеттік тексеруден өтпеген цифрлық өнімдерді, ойындар мен қосымшаларды балалар көре алмайды. Оларға қол жеткізуге немесе жүктеп алуға да мүмкіндік болмайды", – деп түсіндірді депутат.

Заң жобасында балаларға фотосуреті бар арнайы ID-карта енгізу де қарастырылған. Динара Закиеваның айтуынша, бұл баланың жеке басын нақты анықтауға, интернеттегі қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және оның құқықтарын қорғауға мүмкіндік береді.

Алайды ұсыныстарды жасанды интеллект әзірлегенімен,  депутаттар, заңгерлер мен сарапшылар құжатты қайта қарап, толықтырулар енгізген.

Жалпы заң жобасында 120-дан астам түзету қарастырылып отыр. Құжат Үкіметтің қорытындысына жолданып, кейін жұмыс топтарында талқыланатын болады.