Жалдамалы жұмысшы ағаш кесудің құнын сотта жария етті – Боқаевқа қатысты сот отырысы жалғасып жатыр
Алмалы аудандық сотында тергеу нұсқасы бойынша Санжар Боқаев ұйымдастырған инсценировкалардың тікелей орындаушыларына қатысты жауап алу аяқталды. Сот отырысында жалдамалы жұмысшылар ағаштар кесілген қойылым үшін төленген ақы мөлшерін ғана емес, полициядан айғақтарды жасыру жөнінде берілген нұсқаулар туралы да айтып берді.
Екі оқиғаға да қатысқан Нұрсұлтан Раздың айғақтары ерекше маңызды болды. Гранит тақталарға қатысты эпизод бойынша ол құрылыс материалдарының 200 мың теңгеге Үлкен Алматы өзені бойынан тек Боқаевтың нұсқауымен сатып алынғанын растады. Раз түсірілімнің екі рет жүргізілгенін егжей-тегжейлі баяндады. Алғашқыда Тұздыбастауда тақталарды түсіру сәті блогердің көңілінен шықпағандықтан, гранит қайта сатып алынып, Бесағаштағы кездейсоқ таңдалған құлпытас жасайтын цехқа жеткізілген. Онда Боқаев тақталарды түсіру процесін жеке өзі түсірген.
Дәл осы азаматтар Баум тоғайындағы жалған көріністі ұйымдастыруға да тартылған. Жалдамалы жұмысшы Данияр Артықбаев сотта өзін Сейфуллин мен Қарасай батыр көшелерінің қиылысында жалданғанын айтты. Ахридин Хамракулов (Нүсіпқожаның айғақтарында ол Ақылбек деп аталады, бұған дейін мобилограф түсіндіргендей, шын есімін айтуға қиналған Боқаев оны осылай атаған) оған ағаш кесудің әр сағатына 15 мың теңге ұсынған.
Сол күні кешке топ тоғайға барған. Онда Хамракулов жалданған адамдарға кәдімгі және бензинмен жұмыс істейтін араларды берген. Артықбаев он шақты ағашты кесіп, келісілген 15 мың теңгесін алған соң, құралдарды қайтарып, оқиға орнынан кеткен.
Бұл жерде процестік тұрғыдан ерекше назар аударуға болатын жайт бар: Артықбаев сотта қамауда отырған жерінен жауап берді. Қазіргі уақытта оған зорлау дерегі бойынша айып тағылып отыр. Прокурордың сұрағына жауап берген куәгер бұл қылмысты жасағанын мойындайтынын мәлімдеді.
Куәгер Раз бензинмен жұмыс істейтін араның Боқаевпен кездескеннен кейін, яғни ақша алғаннан кейін ғана Пушкин көшесінен сатып алынғанын растады.
Сондай-ақ, ол сотқа қорғау тарапының оқиғаның салдарын барынша азайтуға бағытталған әрекеттері туралы да айтып берді. Оның сөзінше, ағаштарды кескеннен кейін Хамракулов қамауға алынуы мүмкін екенін алдын ала болжап, бейнеүндеулер жазып дайындаған. Ол Разға өзі ұсталған жағдайда бұл бейнежазбаларды Боқаевқа жіберуді тапсырған. Ал Боқаев адвокаттар жалдап, қоғамдық резонанс тудыруы керек болған. Алайда бұл жоспар жүзеге аспады: полиция алдымен Разды ұстаған.
Қамауға алынғаннан кейін куәгер үлкен компанияның бұрынғы кеңесшісіне қарсы айғақ беруге қорыққан. Тіпті мемлекеттік қорғауды қамтамасыз ету туралы арыз жазуға мәжбүр болған. Оның қауіптенетін себебі де болған: Раз сотта Боқаевтың Хамракулов арқылы өздеріне «полиция сендерді іздеп жатыр, қаладан кетулерің керек» деген тікелей нұсқауын да жеткізгенін айтты.
Сонымен бірге, бұл отырыста сот Қылмыстық кодекстің 190-бабында көзделген экономикалық эпизодты да қарады. Бұл іске қатысты куәгерлер сотқа мәжбүрлі түрде жеткізілді. Қызылордадағы «Sultan Plaza» қонақүйінің басшысы Әлкенов пен Түркістандағы «Ханака» қонақүйінің басшысы Исхаков тұру және тамақтандыру қызметтері «We Can» ЖШС-не көрсетілгенін растады. Олар төлем сомалары тиісінше 966 мың және 890 мың теңге болғанын мәлімдеді.
Бұдан бөлек, «ЦелинСельМаш» компаниясының заңгері Қасмұқанов «BM Trust» ЖШС-мен жүргізілген өзара есеп айырысуларға қатысты жауап берді. Белгілі болғандай, 2018-2019 жылдары аталған фирма елордада жиһаз цехына арналған ауданы 671 шаршы метр өндірістік үй-жайды жалға алған. Бұл ретте жылжымайтын мүлік нысанының өзі Санжар Боқаевтың жеке меншігінде болған.