Басты жаңалықтар

Қазақстанда алдағы күндері +20 градусқа дейін күн жылынады

Қазақстанда алдағы күндері оңтүстікте ауа температурасы +20 градусқа дейін жылынса, кей аймақтарда түнде -18 градусқа дейін суытады. Сонымен қатар бірқатар облыста жаңбыр мен қар жауады, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі Қазгидрометке сілтеме жасап.

Синоптиктердің болжамынша, 17–19 қарашада жоғары қысымды аймақ елдің шығысына қарай ығысады. Оның әсерінен шығыс, оңтүстік және орталық аймақтарда негізінен жауын-шашынсыз ауа райы сақталады.

Күндіз елдің оңтүстік-батысында ауа температурасы +10…+15 градусқа дейін, оңтүстігінде +10…+20 градусқа дейін, ал оңтүстік-шығысында +10…+18 градусқа дейін көтеріледі. Батыс пен шығыста +5…+10 градус жылы болады деп күтіледі.

Сонымен қатар солтүстік пен орталықта күндізгі температура -1 мен +4 градус аралығында болады.

Алдағы күндері батыста, кейін елдің солтүстік-батысы мен солтүстігінде ауа райын нашарлайды.

Бұл аймақтарда жаңбыр мен қар түрінде жауын-шашын күтіледі, сондай-ақ көктайғақ болады. Республика бойынша жел күшейеді деп болжанады. Түнгі және таңғы уақытта елдің солтүстігінде және оңтүстік облыстардың таулы аймақтарында тұман түсуі мүмкін.

Түнде температура -18 градусқа дейін төмендейді

Кей аймақтардағы күндізгі жылымыққа қарамастан, түнде елдің барлық дерлік аумағында төмен температура орнайды. Қазақстанның орталығында, сондай-ақ шығысы мен оңтүстік-шығысының таулы аймақтарында термометр бағаналары -13…-18 градусқа дейін төмендеуі мүмкін.