Қоғам

Сот тыйымын елемеу және қысым көрсету әрекеті: прокурор Боқаевтың адвокатына қатысты шара қолдануды сұрады

Санжар Боқаевтың адвокаты Алма Мусинаның жария мәлімдемелері жасанды қоғамдық резонанс тудыруға, тергеу органдары мен сот сараптамасы институтының беделіне нұқсан келтіруге, сондай-ақ сотқа процестен тыс қысым көрсетуге бағытталған.

Мемлекеттік айыптаушы кезекті сот отырысында қорғаушының әрекеттеріне осындай баға беріп, адвокатқа қатысты жеке қаулы шығару туралы өтінішхатпен сотқа жүгінді.

Бұған Санжар Боқаевтың адвокаты Алма Мусинаның әлеуметтік желідегі парақшасында жариялаған жазбасы себеп болған. Онда адвокат қылмыстық процестің барысына субъективті баға беріп, қаралып жатқан істің мән-жайлары мен жауап алынған куәгерлердің айғақтарына қатысты пікір білдірген.

Прокурордың айтуынша, адвокаттың жарияланымы ешқандай процестік мақсатты көздемейді. Оның түпкі мақсаты – қаралып жатқан қылмыстық істің төңірегінде жасанды қоғамдық резонанс тудыру және қоғам алдында тергеу органдары мен сот сараптамасы институтының беделін әдейі түсіру.

«Айыптау тарапынан мұндай мәлімдемелер сотқа жария ақпараттық кеңістік арқылы қысым көрсету әрекеті деп бағаланады және ол процестік қорғау шеңберінен шығып кетеді. Бұл заңнама талаптары мен адвокаттың кәсіби әдеп нормаларына қайшы келеді», – деп атап өтті мемлекеттік айыптаушы.

Прокурор дәлелдемелерге, процестік әрекеттердің заңдылығына және қылмыстық істің мән-жайларына құқықтық бағаны сот талқылауының қорытындысы бойынша тек сот беретінін еске салды. Өз ұстанымын негіздеу барысында мемлекеттік айыптаушы Қылмыстық-процестік кодекстің 21-бабына сілтеме жасады.

Сонымен қатар, ҚПК-нің 70-бабы қорғау тарапын өз жұмысын жүзеге асыру кезінде заңды құралдар мен тәсілдерді пайдалануға міндеттейді. Ал процеске қатысушылардың құқықтық ұстанымын баяндау тәртібі сот жарыссөздері кезеңін реттейтін ҚПК-нің 383-бабында көзделген.

Мемлекеттік айыптаушы бұған дейін де сот қылмыстық процесті БАҚ-қа түсіндірудің белгіленген тәртібін бұзғаны үшін басқа адвокатқа қатысты жеке қаулы шығарғанын еске салды. Соған қарамастан, қорғау тарапы тағы да осындай сипаттағы заңбұзушылықтарға жол берген.

Осыған байланысты мемлекеттік айыптаушы соттан адвокат Алма Мусинаның әрекеттеріне қатысты Алматы қалалық адвокаттар алқасының атына жеке қаулы шығаруды, сондай-ақ қорғаушының бұған дейін әлеуметтік желілерде жариялаған, шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтері бар жазбаны өшіруге міндеттеуді сұрады.