Сабақтан көп қалатын оқушылар енді есепке алынады
21 қарашадан бастап Қазақстанда балаларды есепке алудың және мектептегі буллингтің алдын алудың жаңа ережелері қолданысқа енеді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі Алматы қаласы Балалардың құқықтарын қорғау басқармасына сілтеме жасап.
Елде 0-ден 18 жасқа дейінгі барлық баланың бірыңғай дерекқоры құрылады. Оған, соның ішінде, сабақты дәлелді себепсіз жүйелі түрде босататын оқушылар туралы мәліметтер де енгізіледі.
Бірыңғай базаға мектепке дейінгі және мектеп жасындағы балалар, оқумен қамтылмағандар, сондай-ақ сабақты дәлелді себепсіз жиі босататындар туралы ақпарат енгізіледі.
Мұндай жағдайлар туралы мәліметтер ай сайын полициямен келісіледі. Осыдан кейін ақпарат Ұлттық білім беру дерекқорына әр айдың 10-нан кешіктірілмей енгізіледі.
Мектептегі әлімжеттік жағдайларына қарсы әрекет ету тәртібі де өзгереді. Білім беруді басқару органдары буллинг туралы ақпаратты ол түскен сәттен бастап бір жұмыс күні ішінде тіркеуге міндетті.
Бұдан бөлек, мектептер балаларға психологиялық қолдау көрсетуді ұйымдастыруы тиіс.
Еске сала кетейік, бұған дейін Қазақстанда балаларға қатысты зорлық-зомбылық, қатыгездік және буллинг жағдайларына ден қоюдың бірыңғай ведомствоаралық алгоритмі бекітілді. Жаңа ережелерге сәйкес, бала құқығының бұзылуы мүмкін екендігі туралы ақпарат уәкілетті органдарға дереу, ал бір сағат ішінде - бала құқықтарын қорғау органына жіберілуі тиіс.