"Екпе салдырмаған": Атырау облысында бір жасар сәби қызылшадан көз жұмды
- автор Томирис Тоныкөк
- Бүгін, 17:03
- 29
Желіде дәрігер Жұлдыз Қоспанова бір жастағы баланың қызылша инфекциясынан қайтыс болғанын мәлімдеді. Айтуынша, қайғылы жағдай 16 қарашада болған.
Дәрігердің айтуынша, баланың ата-анасы туа біткен жүрек ақауына байланысты екпе салдырудан бас тартқан.
"Сағат үште Атырау облысында бір жастағы бала қызылша инфекциясынан көз жұмды. Ата-анасы баласына туа біткен жүрек ақауы, қарыншааралық перде ақауы диагнозы қойылғандықтан екпе салдырудан бас тартқан. Кардиохирург баланы вакцинациялауға тыйым салған", – деп жазған дәрігер.
Атырау облысының денсаулық сақтау басқармасы баланың көз жұмғанын растады.
"Бала ауруханаға өте ауыр жағдайда түсті. Негізгі ауруының асқынуынан екі өкпесі қабынып, тыныс алу және жүрек жеткіліксіздігі дамыды. Дәрігерлер оған қарқынды ем жүргізгенімен, баланы аман алып қалу мүмкін болмады", – деп хабарлады облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
Алайда облыстық денсаулық сақтау басқармасы ресми хабарламасында баланың өліміне қызылша себеп болғанын нақтыламады. Сондай-ақ дәрігер айтқан екпеден бас тарту жағдайына қатысты да ақпарат бермеді.



