Қоғам

Қазақстан зейнетақы жүйесінің даму деңгейі бойынша әлемдегі үздік 30 елдің қатарына енді

Қазақстан зейнетақы жүйесінің қаржылық тұрақтылығы бойынша әлемдегі үздік 10 елдің қатарына кірді

Қазақстан зейнеткерлік өмір сүруге қолайлы елдер тізіміне енді. Қазақстан Marsh CFA Institute Global Pension Index 2026 халықаралық зейнетақы жүйелері рейтингінде 55 ел мен аумақтың арасында 29-орынға ие болды. Еліміз 100 балдың 64,8-ін жинап, АҚШ, Испания, Қытай, Жапония, Италия және Оңтүстік Кореяны басып озды.

Рейтингті құрастыру барысында сарапшылар зейнетақы төлемдерінің жеткіліктілігін, жүйенің ұзақ мерзімді қаржылық тұрақтылығын және зейнетақы қорларын басқару сапасын бағалады.

Қазақстан зейнетақы жүйесінің қаржылық тұрақтылығы көрсеткіші бойынша жоғары нәтиже көрсетті. Бұл өлшем бойынша еліміз 74,4 балл жинап, әлемде 8-орынға тұрақтады. Аталған көрсеткіш зейнетақы төлемдерін ұзақ мерзімді перспективада қамтамасыз ету мүмкіндігін сипаттайды.

Сонымен қатар Қазақстан зейнетақы жүйесін реттеу және басқару сапасы бойынша да жоғары баға алды. Бұл бағытта еліміз 100 балдың 83-ін жинап, 19-орынға ие болды.

«Қазақстанның зейнетақы жүйесі табыс деңгейі әртүрлі азаматтар үшін салықтар шегерілгеннен кейінгі зейнетақының бұрынғы еңбекақыны алмастыру коэффициентінің салыстырмалы түрде жоғары болуын қамтамасыз етеді. Сондай-ақ қызметкерлердің кәсіби зейнетақы бағдарламаларымен кеңінен қамтылуымен ерекшеленеді.

Бұдан бөлек, жүйеде тиімді реттеу және басқару тетіктері қалыптасқан. Зейнетақы жүйесіне қатысушылардың құқықтары жоғары деңгейде қорғалған және азаматтарды ақпараттандыру жұмыстары жақсы жолға қойылған», – делінген сарапшылар қорытындысында.

Marsh CFA Institute Global Pension Index 2026 – әлемдегі 55 зейнетақы жүйесін төлемдердің жеткіліктілігі, қаржылық тұрақтылығы және жүйенің сенімділігі көрсеткіштері бойынша салыстыратын жыл сайынғы халықаралық рейтинг.