Жаңалықтар | Күн жаңалықтары - Kyn.kz. Қазақстан және әлем жаңалықтары. Күннің басты жаңалықтары

Байланыс

Қазақстанда онлайн-платформалардың қызметін реттеу және пайдаланушыларды қорғау жөніндегі жаңа шаралар ұсынылды

Қазақстанда онлайн-платформалардың қызметін реттеу және пайдаланушыларды қорғау жөніндегі жаңа шаралар ұсынылды
hss.center
Қазақстанда онлайн-платформалардың жауапкершілігін күшейту, балалардың интернеттегі қауіпсіздігін арттыру және цифрлық ортада азаматтардың құқықтарын қорғаудың қосымша тетіктерін енгізу жоспарланып отыр. Тиісті заң жобалары Қазақстан Республикасының Құрылтайында бірінші оқылымда қаралды.

Платформалардың құқыққа қайшы контент үшін жауапкершілігі

Негізгі ұсыныстардың бірі – онлайн-платформаларды Қазақстанда өкілдік ашуға міндеттеу. Сондай-ақ құқыққа қайшы материалдарды жою туралы нұсқамаларды орындамағаны үшін жауапкершілік белгілеу көзделген.

Бұл шаралардың қажеттігін мониторинг нәтижелері де көрсетеді. 2026 жылдың 10 айында құқыққа қайшы 128,5 мың материал анықталып, олардың 70 пайызға жуығы жойылды.

Бұдан бөлек, жазылушыларының саны бес мыңнан асатын пайдаланушылар мен жария қоғамдастықтарды сәйкестендіру тетіктерін енгізу ұсынылады.

Кәмелетке толмағандарды қорғаудың жаңа шаралары

Заң жобаларында 16 жасқа толмаған балалардың онлайн-платформаларда тіркелуін шектеу және пайдаланушылардың жасын тексеру тетіктерін енгізу көзделген.

Бұл ретте балалардың мессенджерлер арқылы ата-анасымен, жақындарымен және мұғалімдерімен байланысу мүмкіндігі сақталады.

Онлайн-кинотеатрларға ортақ ережелер

Аудиовизуалды платформалардың қызметін реттеу ұсынылады. Соның ішінде теле- және радиоарналарды таратуды лицензиялау, сондай-ақ онлайн-кинотеатрлардың Қазақстан аумағындағы заңды өкілдерін айқындау көзделген.

Бұл цифрлық сервистер жұмысының ашықтығын арттыруға және медианарық қатысушыларының бәріне бірдей жағдай жасауға мүмкіндік береді.

Азаматтардың құқықтарын қорғаудың қосымша кепілдіктері

Түзетулердің бір бөлігі азаматтардың ар-намысы мен қадір-қасиетін, сондай-ақ өз бейнесіне деген құқығын қорғауға арналған.

Интернетте жала жапқаны үшін, сондай-ақ масс-медиада және онлайн-платформаларда былапыт сөздер қолданғаны үшін әкімшілік жауапкершілік белгілеу ұсынылады.

Сонымен қатар мемлекеттік органдардың бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланатын ресми жауаптарына арнайы белгі қою, оқыту курстары мен оккульттік қызметтер туралы мәліметтердің ашықтығын арттыру көзделген.

Ұсынылған шаралар цифрлық ортаның қауіпсіздігін арттыруға, пайдаланушыларды қорғауға және онлайн-платформалар, мемлекет пен қоғам арасындағы қарым-қатынасты ашық әрі түсінікті ережелермен реттеуге бағытталған.

 

 

 

 

 

 

kyn.kz
Автор

kyn.kz

kyn.kz - ақпарат агенттігі

Ұқсас жаңалықтар