Қоғам

Ақтау тұрғынына Instagram-да жазба жариялағаны үшін 544 мың теңге айыппұл салынды

Ақтауда әйел  544 950 теңге айыппұл арқалады. Ол Instagram-да басқа әйелдің отбасылық жағдайы мен балалары туралы мәліметтер жариялаған, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Сот әйелді кінәлі деп таныды. Мәліметінше, бұл мәліметтерді шындыққа жанаспайды және басқа әйелдің ар-намысына, қадір-қасиетіне және іскерлік беделіне нұқсан келтіреді деп тапты.

Сот отырысы барысында айыпталушы хаттамамен келіспей, өз кінәсін мойындамаған. Жәбірленуші өз кезегінде оны әкімшілік жауапқа тартуды сұрады.

"Құқық бұзушының кінәсі жәбірленуші Д.-ның айғақтарымен, құқық бұзушы Н.-ның парақшасынан алынған жарияланымдар мен фотосуреттермен, жәбірленушінің арызымен, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамамен, сондай-ақ сот отырысында зерттелген басқа да жазбаша құжаттармен дәлелденді", - деп хабарлады сот.

Әйелдің іс-әрекеті ӘҚБтК-нің 73-3-бабының 2-бөлігі - "Жария түрде немесе бұқаралық ақпарат құралдарын немесе телекоммуникация желілерін пайдалана отырып жасалған жала жабу" бойынша сараланды.

Бұл бап жеке тұлғалар үшін 180 АЕК мөлшерінде айыппұл салуды немесе 20 тәулікке әкімшілік қамаққа алуды қарастырады.

Жаза тағайындау кезінде сот әйелдің 14 жасқа толмаған баласының болуын жеңілдетуші мән-жай ретінде ескерген. Ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.

Нәтижесінде айыппұл көлемі 30 пайызға азайтылып, 544 950 теңгені құрады.

Сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ.