Қазақстанда 2027 жылдан бастап жұмысынан айырылғандарға берілетін төлем мөлшері артады
Қазақстанда 2027 жылы жұмысынан айырылған жағдайда берілетін әлеуметтік төлемнің мөлшері мен алу тәртібі өзгереді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Еңбек министрлігі азамат жұмысынан айырылған жағдайда төлем алмас бұрын өтуге тиіс барлық кезеңді егжей-тегжейлі түсіндірді.
Жұмысынан айырылған жағдайда азаматтар ең алдымен жұмысқа орналасуға көмек алу үшін мансап орталығына жүгінуі қажет. 2026 жылғы 1 қазаннан бастап "жұмыс іздеп жүрген адам" мәртебесінде болу мерзімі 2 күннен 13 күнге дейін ұзартылды.
"Осы уақыт ішінде мансап орталығының мамандары кәсіби тәжірибеңіз бен дағдыларыңызды жан-жақты зерделейді. Содан кейін өзіңізге лайықты бос жұмыс орындарын іріктеп, жұмыс берушілермен сұхбаттасуды ұйымдастырады", - делінген хабарламада.
Егер 13 күн ішінде лайықты жұмыс табылмаса, азаматқа ресми түрде жұмыссыз мәртебесі беріледі. Бұл ретте мансап орталығы оған лайықты бос жұмыс орындарын іздеуді жалғастырады. Қажет болса, мамандар кәсіптік оқыту орталығында қысқа мерзімді оқудан өтуді ұсынады.
Жұмыссыз мәртебесін алғаннан кейін азамат әлеуметтік төлем тағайындауға өзіне ыңғайлы тәсілмен өтініш бере алады. Өтінішті eGov.kz порталы, Электрондық еңбек биржасы (Enbek.kz) немесе екінші деңгейдегі банктердің мобильді қосымшалары арқылы беруге болады.
Бұдан бөлек, мансап орталығына немесе "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының бөлімшесіне барып, өтініш беруге болады.
2027 жылдан бастап әлеуметтік төлем белсенді түрде жұмыс іздеу кезеңіне тағайындалады. Төлем алу мерзімі әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне байланысты және 3 айдан аспайды. Төлем мөлшері соңғы екі жылдағы орташа айлық табысының 45 пайызына тең. Есепке алынатын орташа айлық табыстың шекті мөлшері ең төменгі жалақының 7 еселенген мөлшерінен аспайды.