Саясат

Жемқорларға ешқандай аяушылық немесе рақымшылық болмайды - Тоқаев

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жемқорларға ешқандай аяушылық немесе рақымшылық болмайтынын және кінәлілердің ешқайсысы заң жүзіндегі жауапкершіліктен сытылып кете алмайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі Ақордаға сілтеме жасап.

ІІІ Стратегиялық серіктестер форумында сөйлеген сөзінде Тоқаев Қазақстан сенімді серіктес ретінде Конституциядағы "Заң және Тәртіп" қағидатының тұрақты, болжамды әрі ашық ортаның берік негізіне айналуын қамтамасыз ететінін атап өтті.

"Заң және Тәртіп" – жай ғана мемлекеттік саясаттың бір қағидаты емес. Ол – менің Әділетті Қазақстан құру жолындағы асқақ мұратымның арқауы, өзегі десем болады. Елімізде жүріп жатқан жан-жақты саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалар әділдік, отаншылдық, толеранттылық, еңбекқорлық, шығармашылық, зайырлылық және прогресс құндылықтарымен астасып, біте қайнасып жатыр", - деді Президент.

Тоқаев Қазақстан Конституциясында заң мен сот алдында бәрі тең екенін анық жазу арқылы осы өзгерістердің нәтижесі бекемделе түсетінін атап өтті.

"Осы ретте сыбайлас жемқорлықпен ымырасыз күрес жүргіземіз. Бұл – біздің табанды ұстанымымыз. Бұған дейін айтқанымдай, жемқорларға ешқандай аяушылық немесе рақымшылық болмайды. Жемқорлық – кез келген мемлекет үшін үлкен зауал. Өйткені халықтың сеніміне селкеу түсіреді, ел дамуына кедергі келтіреді және жүргізіліп жатқан реформалардың нәтижесін жоққа шығарады. Сондықтан менің ұстанымым өзгермейді: кінәлілердің ешқайсысы заң жүзіндегі жауапкершіліктен сытылып кете алмайды. Оған лауазымы да, сіңірген еңбегі де, тіпті ықпалды "қамқоршылары" да көмектеспейді. Заң алдында бәрі бірдей болуға тиіс. Сонда ғана біз реформаларды соңына дейін жеткізіп, ел-жұртымыздың үмітін ақтай аламыз", - деп түйіндеді Мемлекет басшысы.