Қоғам

Алматыда құрылыс дүкенінде жігіт пен қыз жанжалдасып, арты төбелеске ұласты

Алматыда қаладағы құрылыс дүкендерінің бірінде әріптесімен төбелескен 19 жасар қызметкер ұсталды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі Алматы қалалық ПД-ға сілтеме жасап.

Полиция дерегінше, Алматыдағы құрылыс дүкендерінің бірінде әріптестер арасында жанжал шығып, ер адам әйелге күш қолданған.

"Осы дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. 19 жастағы күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Тергеу барысында бейнебақылау камераларының жазбалары зерттелді. Соның нәтижесінде оқиғаның қосымша мән-жайы анықталды. Атап айтқанда, бейнежазбалардан әйелдің де әріптесіне қол көтергені белгілі болды. Оның әрекетіне де құқықтық баға беріледі", - делінген хабарламада.

Полиция қылмыстық іс тіркелмегені және сот-медициналық сараптама тағайындалмағаны туралы тараған ақпарат шындыққа жанаспайтынын хабарлайды.

"Қазіргі уақытта тергеу жалғасып жатыр. Оқиғаның барлық мән-жайы жан-жақты әрі объективті түрде анықталуда. Заң алдында бәрі тең", - деді полиция өкілдері.