Қоғам

Қазақстанда Президент жанындағы екі мекеме біріктіріледі

Қазақстанда Президент архиві қайта ұйымдастырылып, оған Президент орталығы қосылады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тиісті жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Жарлыққа сәйкес "Қазақстан Республикасы Президентің архиві" республикалық мемлекеттік мекемесі оған "Қазақстан Республикасының Президент орталығы" республикалық мемлекеттік мекемесін қосу арқылы қайта ұйымдастырылады.

Жарлық бойынша Президент архиві туралы ереженің жаңа редакциясы да бекітілді. Құжатта мекемедегі штат саны 293 деп айқындалған.

Архив Ұлттық архив қоры құжаттарын, сондай-ақ, кітапхана басылымдары мен музей заттарын сақтау, есепке алу, жүйелеу және пайдалану жұмыстарын жалғастырады.

Архивтің негізгі міндеттерінің бірі - қорды Президенттің, Президент әкімшілігінің, мемлекеттік органдар мен басқа да ұйымдардың қызметіне қатысты құжаттармен толықтыру. Мекеме ғылыми-зерттеу және мәдени-ағартушылық жұмыстармен де айналысады.

Президент архиві қазіргі Президенттің жеке архиві, кітапханасы мен музей жинағы, сондай-ақ, заңда көзделген тәртіппен экс-президенттердің архивтері, кітапханалары мен музей жинақтары сақталуын, зерттелуін қамтамасыз етеді.

Бұдан бөлек, мекеме Қазақстан тарихын, мемлекеттілік, мемлекеттік басқару жүйесі мен президенттік институт дамуын зерттеп, осы бағыттағы білімді таратады.

Үкімет пен Президент Іс басқармасына жарлықты орындау үшін шаралар қабылдау тапсырылды. Оның орындалуын бақылау Президент әкімшілігіне жүктелді.