Қоғам

Қызылордада қыздарды қорғамақ болған жігітті ер адам пышақтап тастады

Қызылордада 42 жастағы ер адам көшенің ортасында жас жігітті пышақтап тастады. Жарақат алған жігіт ауруханаға түскен, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Желіде тараған ақпаратқа сәйкес, ішімдікке сылқиы тойып алған ер адам Шұғыла шағын ауданындағы сыраханадан шыққан. Сосын көшеде кетіп бара жатқан қыздарға тиіскен. Оның ерсі қылығын көрген Нұралла есімді жігіт қыздарды қорғауға тырысқан, сол сәтте ол жігітке пышақ сұққан.

«Пікір қалдырушылар қыздарды қорғап, ауыр жарақат алған Нұралла есімді жігітті «Қаһарман» деп мақтап жатыр. Ол тек екі қызды емес, тұтас Шұғыла шағын ауданындағы адамдарды жаманшылықтан қорғады дей аламыз», - деп жазды автор.

Полиция болған оқиғаны растады. Қазір қылмыстық іс қозғалған.

«Күдікті жедел түрде ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сот санкциясымен оған қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Қазір тергеу амалдары жалғасуда. Полиция департаменті қылмыстық істің тергелу барысын бақылауға алды», - деп жауап берді ПД.