Алматы метросында зағип жолаушы қаза тапты: сол күні кезекші болған қызметкерден жауап алынды
Алматыда метрополитенде зағип ер адамның қаза табуына қатысты сот ісі жалғасып жатыр. Сотта оқиға болған күні станция кезекшісі болған Наурызбай Кеңес жауап берді, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.
Қайғылы оқиға 2024 жылы 10 желтоқсанда "Абай" метро бекетінде болған. 26 жастағы зағип жігіт рельске құлап, көз жұмды.
Қазір станция кезекшісі болған қызметкер жолаушыларға көмек көрсету жөніндегі кезекші болып жұмыс істейді.
Наурызбай Кеңестің айтуынша, жолаушы қаза тапқан күні турникетте Майра Болатбекова жұмыс істеген. Куәгердің сөзінше, ол зағип жолаушының келгенін хабарлап, оны вагонға дейін жеткізетін қызметкерді күтуі керек болған. Алайда кезекші мұндай хабарлама алмағанын айтты. Метро нұсқаулығына сәйкес, қызметкер мұндай жолаушыны қарсы алып, қай бағытқа баратынын анықтап, вагонға отыруына көмектесуі тиіс. Жолаушыны отырғызу туралы машиниске алдын ала хабарланады.
Майра Болатбековаға абайсызда адам өліміне әкеп соққан қозғалыс қауіпсіздігі мен көлікті пайдалану ережелерін бұзды деген айып тағылып отыр.
2018 жылдан бері метрода жолаушыларға қызмет көрсету жөніндегі кезекші болып істейтін Наурызбай Кеңес жауап берді. Оқиға болған күні ол "Абай" станциясында болып, бейнебақылау камераларын бақылаған.
"Станцияға мүгедектігі бар адам келгенде, оны бірінші көрген кезекші бізге хабарлауы тиіс. Содан кейін мен пойыздарды қабылдау және жөнелту жөніндегі кезекшімен хабарласып, жолаушыны күтіп алуды сұраймын. Қызметкерлер оның қайда бара жатқанын біліп, пойызға отыруға көмектесуі және тиісті станцияға ескертуі керек. Мұның бәрі журналға жазылады", – деді ол сотта.
Куәгердің айтуынша, сол күні турникетердің жанында айыпталушы Майра Болатбекова кезекшілікте болған. Ол зағип ер адам туралы хабарлап, оны жалғыз жібермеуі керек еді. Алайда ол ешқандай хабарлама алмағанын алға тартты.
Сотта Наурызбай Кеңестің оқиғадан кейін берген жауабы оқылды.
“Оқиға орнына жүгіріп барып, пойызды адамдардың шайқап, итеріп жатқанын көрдім. Сол кезде жас жігіттің вагондардың арасында қысылып қалғанын байқадым”, – деп жазылған оның жауабында.
Айыпталушының адвокаты Нұртуған Өмірзақ Наурызбайдың міндетіне 56 камера арқылы станцияны бақылау кіре тұра, неліктен жолаушыны байқамай қалғанын сұрады.
"Мен қызметкерлер мен жолаушыларды камера арқылы бақылап отырдым. Жолаушылар тарапынан ешқандай оғаш әрекет байқалмады. Адам өте көп болды, сондықтан камералардан дәл сол жолаушыны байқау мүмкін емес еді", – деп түсіндірді Наурызбай.