Отадан соң комаға түскен: липосакциядан көз жұмған депутаттың әйелі істі қайта тексеруді талап етті
Маңғыстау облыстық мәслихатының депутаты Ербол Айтуов жоспарлы липосакция жасатуға барғаннан кейін ауруханаға түсіп, бір айдан соң көз жұмған.
Марқұмның әйелі күйеуіне ота алдында наркоз дұрыс берілмегенін айтып, клиника дәрігерлерінің әрекетіне күмән келтіріп отыр. Алайда алты айға созылған тергеу қылмыстық іс тоқтатылған. Енді Лаура Айтуова істі республикалық деңгейде қайта тексеріп, жаңа сараптама тағайындауды талап етуде, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі Tengrinews.kz порталына сілтеме жасап.
Марқұмның әйелі Лаура Айтуова күйеуінің жағдайы наркоз кезінде нашарлағанын айтады. Оның сөзінше, анестезиолог тыныс алу түтігін енгізіп, науқасты өкпені жасанды желдету аппаратына қоса алмағанын өзі мойындаған. Әйел дәрігерлердің әрекеті күйеуінің инсульт алуына себеп болды деп есептейді.
Ербол Айтуовтың әйелі күйеуінің иегі мен мойнындағы артық майға көптен бері алаңдап жүргенін айтады. Сол себепті ол отбасымен бес жылдан астам уақыт араласатын хирургке жүгінген. Бұған дейін де осы дәрігерге екі рет пластикалық ота жасатып, ешқандай қиындық болмаған.
"Хирург біздің отбасымыздың досы еді. Күйеуім оған сенгендіктен, сол дәрігерге барды. Мен "Жасатпа, саған оның не қажеті бар?" деп айттым. Бірақ күйеуімнің өзі қалады. Сөйтіп, Артур екеуі сөйлесіп, ота жасауға келіскен. Таңертең үйден сау күйінде шықты, ештеңесіне шағымданбады", – дейді Лаура Айтуова.
2026 жылғы 16 қарашадағы қылмыстық істі тоқтату туралы қаулыда хирургтің түсініктемесі келтірілген. Оның айтуынша, Ербол Айтуов 4 сәуірде таңғы сағат 08:30 шамасында "Қасиет" медициналық орталығына келген. Хирург науқасты өзі қарап, қажетті құжаттарды рәсімдеген және жоспарлы операцияға келісімін алған. Одан кейін оны анестезиологқа жіберген.
Дәрігер тексеру кезінде ота жасауға кедергі болатын қарсы көрсетілімдерді байқамағанын айтқан. Бірақ Лаура Айтуова операция алдындағы талдауда күйеуінің қанындағы қант мөлшері 11,6 ммоль/л болғанына назар аудартады. Оның сөзінше, бұл көрсеткішке қарамастан, хирург ота жасауға рұқсат берген.
Тергеу қаулысында хирургтің бұл жағдайға қатысты жауабы да бар. Ол Ербол Айтуов қант диабетімен ауыратынын және диспансерлік есепте тұрғанын өзі айтпағанын жеткізген. Дегенмен талдау нәтижелерінен науқастың осы аурумен ауыратынын байқаған. Бұл туралы сұрағанда, Айтуов есепте тұрмайтынын айтқан. Ал анестезиолог тергеу кезінде науқастың қант диабеті мен қан қысымының жоғары екенін білгенін растаған. Ол Ербол Айтуовтың жағдайын ASA III санатына жатқызған.
"Анестезиолог Ербол Айтуовтан жалпы анестезия жасауға жазбаша ақпараттандырылған келісім алынбағанын растады. Мұны науқасқа тиісті құжатқа қол қоюды сұрауды ұмытып кеткенімен түсіндірді", – делінген тергеу қаулысында.
Бұдан бөлек, тергеу материалдарында анестезиологтың наркоз кезінде науқастың қанындағы глюкоза деңгейін қайта тексермегені көрсетілген. Сондай-ақ сатурация көрсеткіштері анестезия картасына толық енгізілмеген. Дәрігер мұны деректерді құжатқа жазуды ұмытып кеткенімен түсіндіріп, наркоз кезінде жасалған медициналық шаралар басқа арнайы картада тіркелгенін айтқан.
Анестезиологтың тергеуге берген жауабына сәйкес, Ербол Айтуовқа таңғы сағат 10:25 шамасында наркоз беріліп, интубация жасалған. Кейін науқас өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған. Алайда арада 20 минут өткенде оның қан қысымы 220/100 мм сын. бағ. дейін көтерілген.
Лаура Айтуова болса, анестезиологтың өзіне айтқан әңгімесі тергеу құжаттарындағы мәліметтен өзгеше екенін алға тартады. Әйелдің сөзінше, дәрігер кеңірдекке тыныс алу түтігін бірнеше рет енгізуге тырысқанымен, бұл әрекеті сәтсіз болғанын айтқан.
"Анестезиологпен сөйлесуге барғанымда, ол наркоздан кейін кеңірдекке тыныс алу түтігін бірнеше рет енгізуге тырысқанын, бірақ қолынан келмегенін өзі айтты. "Бірнеше рет тырыстым, бірақ оны өкпені жасанды желдету аппаратына қоса алмадым" деді. Кейін күйеуімнің қан қысымы мен қант деңгейі көтеріліп, ишемиялық инсульт алып, комаға түскен", – дейді Лаура.
Тергеу материалдарында жедел жәрдемнің шақыртылған уақыты да жазылған. Шақырту сағат 13:21-де тіркеліп, бір минуттан кейін бригадаға берілген. Дәрігерлер клиникаға 13:24-те жетіп, 13:44-те науқасты алып шыққан. Ербол Айтуов 13:49-да Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасына жеткізілген.
Ауруханада оған ишемиялық инсульт, мидың ауыр зақымдануы және кома диагнозы қойылған. Құжаттарға сәйкес, науқас сағат 16:14-те жансақтау бөліміне ауыстырылып, кейін миының ісінуіне байланысты ота жасалған. Бірақ 5 мамырда есін жимастан көз жұмды. Лаура Айтуова күйеуінің жағдайы өте ауыр екенін өзіне ұзақ уақыт айтпағанын да жеткізді.
Күйеуінен айырылған соң Лаура Айтуова полицияға арызданған. Осыдан кейін медицина немесе фармацевтика қызметкерінің кәсіптік міндеттерін тиісінше орындамауы бойынша Қылмыстық кодекстің 317-бабымен тергеу басталған. Іс аясында хирург қорғауға құқығы бар куәгер ретінде тіркелген.
Әйелдің шағымынан кейін Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің департаменті медициналық орталыққа тексеру жүргізген. Оның қорытындысы бойынша, клиникада Денсаулық сақтау министрлігінің бірқатар талабы сақталмаған.
Атап айтқанда, хирургия бөлімшесі қажетті жабдықтармен толық қамтамасыз етілмеген, операциялық бөлмедегі кейбір құрылғылардың пайдалану мерзімі өтіп кеткен. Сондай-ақ анафилаксиялық шок кезінде шұғыл көмек көрсетуге арналған дәрі-дәрмек пен құралдар жеткіліксіз болған. Тексерушілер науқастың зертханалық тексеруден толық өтпегенін және талдау нәтижелері ескерілмей отаға жіберілгенін де анықтаған. Мамандардың пікірінше, интубация кезіндегі қиындықтар наркоз барысында қан қысымының күрт көтерілуіне және миға оттегінің жетіспеуіне себеп болуы мүмкін.
Маусымда Лаура Айтуованың өтінішімен сот марқұмның мәйітін эксгумациялауға рұқсат берген. Алайда әйелдің айтуынша, алғашқы және қосымша сараптамалар Ербол Айтуовтың нақты неден қайтыс болғанын анықтай алмаған. Тергеу материалдарында дәрігерлердің әрекеті мен науқастың өлімі арасындағы себеп-салдар байланысы сараптама арқылы расталмағаны жазылған. Лаура Айтуова сараптама қорытындыларымен келіспей, қайта сараптама жүргізуді, анестезиолог маманның қорытындысын алуды және хирургтен жауап алуды сұраған.
16 қарашада Маңғыстау облыстық полиция департаментінің тергеу басқармасы қылмыстық істі тоқтату туралы шешім шығарған. 19 қарашада оны Ақтау қаласы прокурорының орынбасары бекіткен. Полиция департаменті тергеу кезінде медициналық құжаттар зерттеліп, сот-медициналық сараптамалар жүргізілгенін хабарлаған. Сондай-ақ марқұмның туыстары келтірген уәждер тексерілген.
Полицияның мәліметінше, Медициналық және фармацевтикалық бақылау департаментінің тексеруі медицина қызметкерлерінің әрекетінен заңбұзушылық анықтамаған. Ал сараптама қорытындылары дәрігерлердің әрекеті мен науқастың өлімі арасында тікелей себеп-салдар байланысы бар екенін растамаған.
"Уәкілетті органның тексеру нәтижелерін, сараптама қорытындылары мен тергеу материалдарын ескере отырып, 16 қарашада қылмыстық құқықбұзушылық құрамы болмауына байланысты іс тоқтатылды. 19 қарашада бұл процессуалдық шешімді Ақтау қаласының прокуратурасы бекітті", – деп хабарлады Маңғыстау облыстық полиция департаменті.
Ведомство марқұмның туыстары тергеуді тоқтату туралы шешімге заңда белгіленген тәртіппен шағым түсіре алатынын мәлімдеді. Ал Лаура Айтуова істі қайта қарап, жаңа сараптама тағайындауды талап етіп отыр.