Қоғам

Қарағандыда қарт жолаушының жүгін жолға шығарып тастаған автобус жүргізушісі жазаланды

Қарағандыда әлеуметтік желіде тараған бейнежазбадан кейін №145 бағыттағы автобус жүргізушісі әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды KYN.KZ.

Бейнежазбада қоғамдық көлік жүргізушісінің қарт жолаушыға тиесілі көкөніс пен жеміс салынған қораптарды автобустан шығарып жатқаны көрінеді. Салдарынан азық-түліктің бір бөлігі жолға шашылып, көлік дөңгелектерінің астында қалған.

Оқиға қоғамның наразылығын тудырып, әлеуметтік желі қолданушылары жүргізушінің әрекетіне құқықтық баға беруді талап етті.

Қарағанды облыстық полиция департаментінің мәліметінше, 40 жастағы автобус жүргізушісі полиция бөліміне жеткізілген. Оған жолаушылар мен жүк тасымалдау ережелерін бұзғаны үшін 21 625 теңге көлемінде айыппұл салынды.

Сонымен қатар әкімшілік материал сотқа жолданып, шешім қабылданғанға дейін жүргізуші уақытша ұстау бөлмесіне қамалған.

Алайда жүргізуші өз кінәсін мойындамады. Оның айтуынша, ол қарт адамды автобустан мәжбүрлеп түсірмеген. Тек жүгінің шамадан тыс көп болуына байланысты тасымалдаудан бас тартып, заттарын шығаруға көмектескен.

Қарағанды қаласының әкімдігі жүргізушінің тексеріс аяқталғанға дейін жұмыстан шеттетілгенін хабарлады. №5 автобус паркінде де қызметтік тексеріс басталған.

Айта кетейік, қолданыстағы тасымалдау ережелеріне сәйкес, жолаушы қалалық автобуста көлемі 60×40×20 сантиметрден, салмағы 20 келіден аспайтын бір қол жүгін тегін алып жүре алады. Белгіленген талаптардан асатын заттар арнайы жүк бөлімінде немесе жүк көлігімен тасымалдануы тиіс.